Астанадағы бейнебақылау жүйесінен «Сергек» кетіп жатыр. Оның орнына жаңа жүйені БАӘ компаниясы енгізеді. Бұл туралы елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Дидар Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ақпаратқа сәйкес, «Сергек» жобасын жасаушы «Көркем Телеком» компаниясының Астана әкімдігімен арадағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) келісімі аяқталды. Әкімдік келісімді ұзартпау туралы шешім қабылдады.
“2017 жылы «Сергек» жобасы жүзеге асырылды. Биылдың 13 наурызында «Көркем Телеком» компаниясымен келісімшарт мерзімі аяқталады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында және жобаны одан әрі дамыту тұрғысында G42 холдингіне кіретін Presight халықаралық компаниясымен елорда үшін жасанды интеллект негізінде қалалық инфрақұрылымды басқарудың жобалық шешімін іске асыру жұмысын атқардық. Жаңа жобаны қалыптастыру кезінде қазіргі қолданыстағы жүйенің кемшіліктері ескерілді”, - деді Дидар Сүлейменов.
Енді Presignt компаниясы 2025-2030 жылдар аралығында қаладағы бейнебақылау жүйесін дамытуға жауапты болады. Жобаға 53 млрд теңге қаржы бөлінеді.
Негізгі міндеттері:
- «Ақылды қала» (Smart City) тұжырымдамасын дамыту
- Қауіпсіздікті арттыру
- Жолдағы тәртіпті қадағалау
Жобаның 100% шығынын жеке компания көтереді, ал 60%-ын қазақстандық кәсіпорындар қамтамасыз етеді. Presignt төлемдерді тек жоба іске қосылғаннан кейін ғана алады.
Қаладағы қолданыстағы бейнекамералар жаңа операторға бір ай ішінде беріледі.
Айта кетсек, «Сергек» жобасы 2017 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске қосылды. «Көркем Телеком» компаниясы 8,4 млрд теңге жеке инвестиция салды, ал әкімдік 24,9 млрд теңге төлеген еді.