14 ақпан түнде Астанада ескі вокзал маңында жойқын жарылыс болды. Бұл туралы ҚТЖ баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Куәгерлердің әлеуметтік желілерде жариялаған хабарламалары бойынша, жарылыс толқыны жақын аудандардың тұрғындарына да сезілген, кей жерлерде тіпті терезелер сынған.
ҚТЖ баспасөз қызметінің мәліметінше, Астана стансасының сұрыптау жолында жүк контейнерінде жарылыс болған.
«Алдын ала ақпарат бойынша, контейнерде электроқұрал-жабдықтары (трансформаторлар, генераторлар) болған. Құрбан болғандар мен жарақат алғандар жоқ. Контейнер жеке компанияға тиесілі. Құзыретті органдардың қатысуымен тергеу басталды», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Астана қалалық ТЖД баспасөз қызметі оқиға орнына тез арада құтқарушылар жеткенін айтты. Оқиға нәтижесінде бір адам қолынан жеңіл жарақат алған. Жедел медициналық көмек бригадасы оқиға орнында көмек көрсетті, ауруханаға жатқызу қажет болмады. Оқиғаның себептері мен жағдайлары анықталып жатыр.