Алматы әкімі Ерболат Досаев Алматы ипподромға қатысты сұрақтарға жауап бюерді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Әкім Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесу барысында ат спортының жаттықтырушысы Алматы ипподромын ретке келтіруді сұрады.
Досаев ипподромның тағдырына қатысты мәселемен белсенді түрде айналысып жатқанын және өткен жылдың жазынан бері белгілі бір ілгерілеу бар екенін айтты.
"Біз меншік иелерімен келіссөздер жүргізе бастадық, олардан ипподромды дамыту бойынша дұрыс бағдарлама әзірлеуді сұрадық. Қазір соны күтіп отырмыз. Егер жекеменшік болса, дамыту қажет екенін айттық. Көпшілік айтып жүргендей, бұл жердің нысаналы мақсаты өзгерген жоқ, яғни көпқабатты тұрғын үй салу жоспарда жоқ. Өкінішке қарай, қазіргі меншік иелерінің қаржылық мүмкіндіктері толыққанды реконструкция жасауға жеткіліксіз деп күдіктенемін. Осы келісімге сәйкес, оларға наурыздың аяғына дейін уақыт берілді, содан кейін не істеу керектігін ойлаймыз. Бұл жер телімінің нарықтық бағасы бар, жаңа инвестор табамыз немесе қала өзі қандай қадамдар жасайтынын шешеді. Әрине, бұл арзанға түспейді. Бірақ, екінші жағынан, біздің спортшылардың облыста жаттығуға мәжбүр болуы – жағымсыз жағдай", – деді Ерболат Досаев.