Қаңтардың 30-ына Ресейдің Свердлов облысының Березовский деген қаласында әкім сайлау өткен ғой. Сол қатты шу боп жатыр қазір. Қысқаша былай.
Қаланың Писцов дейтін әкімі қайтадан сайлауға түсіп, тағы бес жыл әкім болғысы келіпті. Әкім болмағаннан, әкім болған жақсы ғой.
Сонан Писцов оңай жолын іздейді. Ең әуелі, әкім болғысы келетін тәуелсіз кандидаттардың тірсегін қиып тастайды.
Сосын өзінің шопырының Юлия деген келіншегін шақырып алып, осылай да осылай, сайлауда маған бәсекелес кандидат боласың деп көзін қысып қояды.
Әкім айтса жан қала ма, Юлия дереу тіркеліп, үгіт-насихат жасағансиды. Өзі де сол әкімдікте бөлім меңгерушісі екен.
Әкімді қаланың мәслихаты сайлайды. Мәслихат - әкімнің ашса алақанында, жұмса жұдырығында, еш уайым жоқ.
Сөйтіп жүргенде сайлау жетіп, дауысты санап кеп жібергенде қуыршақ кандидат - Юлия әкімнен көп дауыс алып кетіп, қас масқара болады ғой.
Оны естіп әкім талып қалады. Әкімнің талып қалғанын естіп, Юлия талып қалады. Юлияның талып қалғанын естіп, әкімнің шопыры боп жүрген күйеуі талып қалады.
Әйтеу есін жия сала Юлия тапырақтап сотқа жүгіреді.
- Мені заңсыз сайлады, әкім болайын деген ойым жоқ еді,- дейді қиылып.
Сотқа да керегі сол, бүкіл қағазды аударып төңкереді, бірақ еш кілтипан таппайды. Бәрі дұрыс!
Юлия қазір оған да көнбей, әкім болмаймын деп ат-тонын ала қашып жатыр дейді. Ұяты бар әйел екен дегенмен. Әлде бұрынғы әкім қош бол деп айтып, тағы да бірдеңе деді ме, ол жағын білмедім.
Юлия осындай сұмдық боларын сезіп, сайлауға бірер күн қалғанда кандидатурамды алып тастаймын деп жүгіріпті.
Сөйтсе, заң бойынша сайлауға бірер күн қалғанда кандидатураңды ала алмайды екенсің.
Мәселен, әлгі әкім Юлиядан басқа да үш қуыршақ кандидат тіркетіп, сайлауға бір күн қалғанда Құдайдан төтенше пәрмен түсіп о дүниелік боп кетсе, қаласа да, қаламаса да қуыршақ кандидаттың бірі сайланады. "Мен әшейін жигули едім" деген әңгіме жүрмейді екен.
Осындай қызық боп жатыр, жолдастар.
Көп ойнасаң, қуыршақ та зиян.
Асылхан Мамашұлы