АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату үшін келіссөздерді жедел бастау туралы сөйлескенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Біз командаларымыздың келіссөздерді дереу бастайтыны жөнінде келістік және әуелі Украина президенті Владимир Зеленскийге қоңырау шалып, бұл әңгіме туралы хабарлаудан бастаймыз. Мен мұны дәл қазір жасаймын», – деп жазды Трамп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Трамптың айтуынша, ол Путинмен тек Украина мәселесін ғана емес, сондай-ақ Таяу Шығысты, энергетиканы, жасанды интеллектті, доллардың күшін және басқа да тақырыптарды талқылаған.
«Біз екі елдің ұлы тарихы туралы ой жүгірттік және Екінші дүниежүзілік соғыста бірлесіп сәтті күрескенімізді еске алдық. Ресей ондаған миллион адамынан айырылды. Біз де көптеген азаматымызды жоғалттық. Біз халықтарымыздың күшті жақтары туралы әңгімелестік және ынтымақтастықтың бізге қаншалықты пайда әкелетінін талқыладық. Бірақ ең алдымен, біз екеуіміз де келіскендей, Ресей мен Украина арасындағы соғыста болып жатқан миллиондаған өлімді тоқтатқымыз келеді», – деді Трамп.
«Біз бір-біріміздің елдерімізге сапармен бару мүмкіндігін қоса алғанда, өте тығыз ынтымақтасуға келістік. Мен мемлекеттік хатшы Марко Рубионы, орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклиффты, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолтцты және елші әрі арнайы өкіл Стив Уиткоффты келіссөздерге жетекшілік етуге шақырдым. Мен бұл келіссөздердің сәтті болатынына нық сенімдімін. Егер мен президент болғанымда, бұл соғыс басталмас еді, бірақ ол басталып кетті, сондықтан оны тоқтату қажет» - деп қосты Трамп .
Трамп телефон арқылы сөйлескені үшін Путинге алғысын білдірді.