24 наурыздан бастап «Ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларын бекіту туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Оған сәйкес Қазақстанға шетелден сатып алынған және әкелінген телефондар тексеруден өтуі керек, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдерінің айтуынша бұл ережелер осы мерзімге дейін сатып алынып, елге кіргізілген құрылғыларға қолданылмайды.
«Бұл норма ең алдымен 24 наурыздан кейін әкелінетін телефондарға қатысты. Қазірдің өзінде пайдаланылып жүрген құрылғылар автоматты түрде "ақ тізімге" енгізіледі, себебі заңның кері күші жоқ. Өзгерістің негізгі мақсаты – телефонның зауыттан соңғы тұтынушыға дейінгі жолын ашық ету және заңсыз телефон импортының алдын алу», – деп мәлімдеді Цифрлық даму министрлігі телекоммуникациялар комитетінің өкілі Диас Төлегенов.
Құрылғыларды тексеру үшін арнайы порталға тіркеліп, құрылғы туралы мәліметтерді ұсыну керек. Импорттаушылар декларация құжаттарын, ал жеке тұлғалар шекарадан өткен күні мен құрылғы әкелінген ел туралы ақпаратты көрсетуі қажет.
Бұл мәліметтер GSMA (Жаһандық мобильді байланыс қауымдастығы) дерекқорындағы ақпаратпен және мемлекеттік органдардың (кеден, салық, шекара қызметі) деректерімен салыстырылады.
Телефондар тексеруден өткеннен кейін үш түрлі тізімнің біріне енгізіледі. "Ақ тізімге" енген құрылғылар еш қиындықсыз қолданыла береді. "Сұр тізімге" енгізілген телефондар 30 күн ішінде тексерістен өтуі қажет. Егер иесі осы мерзім ішінде тіркеуді растамаса, байланыс қызметтерін пайдалану шектелуі мүмкін. Ал "қара тізімге" енген құрылғылар – ұрланған немесе заңсыз тіркелген телефондар болып саналады. Мұндай телефондарға Қазақстанда ұялы байланыс қызметі көрсетілмейді.
Цифрлық даму министрлігінің өкілі Азамат Серіктаев бұл өзгерістер телефон бағасына әсер етпейтінін, себебі импорттық салықтар өзгермейтінін айтты.
Қазіргі уақытта Қазақстанда шамамен 3,7 млн қайталанатын IMEI-коды бар құрылғы жұмыс істейді. Бұрынғы цифрлық даму министрі Бағдат Мусин 2023 жылы бұл құрылғылардың заңсыз әкелінетінін және соның салдарынан бюджет жыл сайын 100 млрд теңгеден астам шығынға ұшырайтынын мәлімдеген болатын. Алайда жаңа ережелер бойынша, 24 наурызға дейін елге әкелінген мұндай құрылғылар автоматты түрде "ақ тізімге" енгізіліп, тексеруден өтпейді.
Ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу қағидаларына өзгерістер 13 қаңтарда енгізіліп, 24 наурыздан бастап күшіне енеді.