Ринат Заитов: "Банктер алаяқтардың әрекеті үшін өтемақы төлеуі керек"

979
Adyrna.kz Telegram
Сурет: egemen.kz
Сурет: egemen.kz

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов Қазақстанда күннен-күнге өршіп бара жатқан онлайн алаяқтық мәселесін көтеріп, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасына депутаттық сауал жолдады. Ол кибералаяқтардың әрекеттері халыққа үлкен зиян тигізіп жатқанын және бұл қылмыстарға банктердің де жауапкершілігі болуы керек екенін баса айтты.

Заитовтың айтуынша, алаяқтар тек азаматтардың шоттарынан ақша ұрлап қана қоймай, олардың атына сырттай несие рәсімдеп, халықты тығырыққа тіреп отыр. Депутат мемлекеттік органдардың да бұл мәселеге немқұрайлы қарайтынын сынады.

"Өкінішке қарай, жазықсыз жем болған жандардың жағдайын ұғып жатқан Үкімет те, банктер де көрінбейді. Көптеген алаяқтық фактілерінде банк немесе жергілікті орган өкілдерінің қатысы бар екені дәлелденген", – деді Заитов.

Депутат келтірген мәліметке сәйкес, Қарағанды қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкері мүгедектігі бар және зейнеттегі 90 адамның шотындағы ақшаны жымқырған. Сондай-ақ, Талдықорған, Астана, Алматы қалаларында банк қызметкерлері азаматтардың жеке мәліметтеріне қол жеткізуге көмектескені анықталған.

2025 жылдың қаңтар-ақпан айларының өзінде ҚР ҚК 250-бабы ("Өкілеттіктерді теріс пайдалану") бойынша – 15 іс және ҚР ҚК 254-бабы ("Міндеттеріне адал қарамау") бойынша – 17 іс қозғалған.

Ринат Заитов банктердің киберқылмыстан қорғауға міндетті екенін, алайда ешқандай жауапкершілік көтермейтінін сынға алды. Оның айтуынша, алаяқтар ұрлаған ақшаның орнын толтыру банктің міндеті болуы тиіс.

"Сәл қиналса, мемлекеттен миллиардтап қаржыны қайтарымсыз алатын, өз қателіктеріне жауап беруден жалтаратын қайырымсыз банктер қашанға дейін тайрандамақ? Нақақтан-нақақ қарызға батқан халықты қорғайтын уақыт келді!" – деп ашынды депутат.

Ринат Заитов осы салаға екі нақты талап қойды.

Бірінші талап: Екінші деңгейлі банктер алаяқтардан зардап шеккен азаматтардың шоттарын бұғаттан шығаруы керек. Сонымен қатар, мұндай санаттағы адамдардың шоттарын бұғаттауға заңмен тыйым салу қажет.

Екінші талап: Кибералаяқтар ұрлаған ақшаның шығынын банк өтеуге міндетті болуы тиіс, өйткені банктер клиенттердің қаржысын сақтауға тікелей жауапты.

Бұл мәселе қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Енді Үкімет пен қаржы секторындағы жауапты органдар қандай шешім қабылдайтыны белгісіз.

Пікірлер