Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, қоғам қайраткері Камал Ормантаев 89 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Академиктің қайтыс болғаны туралы оның ұлы Жарас Ормантаевөзінің Facebook парақшасында жазды.
«Бүгін кешке менің сүйікті әкем, Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы – академик Камал Ормантаев дүниеден өтті», – деп жазды ол.
Камал Ормантаев – педиатр-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ғылым қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының академигі және вице-президенті, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
1959 жылы ҚазММИ-дің педиатрия факультетін, 1961 жылы балалар хирургиясы кафедрасында клиникалық ординатураны, 1965 жылы Алматы медициналық институтының госпитальдық хирургия кафедрасында аспирантураны, кейін КСРО Медицина ғылымдары академиясының педиатрия ғылыми-зерттеу институтында докторантураны тәмамдады.
Алматы медициналық институтының балалар хирургиясы кафедрасында ассистент, аудандық ауруханада педиатр-дәрігер болып жұмыс істеді. 1968-2011 жылдары С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ медициналық университетінің балалар хирургиясы кафедрасын басқарды. Сонымен қатар, Алматы медициналық институтының педиатрия факультетінің деканы (1978-1980, 1989-1991) және Қазақстан Республикасының Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры (1980-1993) қызметтерін атқарды.
Ол 20 мыңға жуық хирургиялық операция жасаған. Сондай-ақ, Қазақстанда алғаш болып балалардағы кеуде қуысының туа біткен шұңқыр тәрізді деформациясына торакопластика жасаған.