Бітім бұзылуы мүмкін. Израиль Хамасты соғыс қимылдарын қайта бастаймын деп қорқытты

909
Adyrna.kz Telegram
© Al Jazeera
© Al Jazeera

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС сенбі күні тұтқындарды қайтармаса, Газа секторында әскери әрекеттерді қайта бастайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ВВС-дің орыс қызметіне сілтеп.

«Егер ХАМАС біздің тұтқындарымызды сенбі күнгі түске дейін қайтармаса, бітім аяқталады, ал ЦАХАЛ ХАМАС толық жойылғанша, әскери әрекеттерді қарқынды түрде жалғастырады», – делінген Нетаньяхудың мәлімдемесінде.

Израиль премьері ХАМАС-тың «келісімді бұзып, тұтқындарды босатудан бас тартқаннан» кейін, ЦАХАЛ-ға Газа секторының ішінде және оның айналасында күштерді шоғырландыруға бұйрық бергенін айтты. Оның сөзінше, «бұл операция жақын арада аяқталады».

Бұған дейін ХАМАС Израильді бітім шарттарын бұзды деп айыптап, израильдік тұтқындарды палестиналық тұтқындарға айырбастау процесін белгісіз мерзімге тоқтатқанын мәлімдеген.

ХАМАС келісімнің бірінші кезеңінде босатуы тиіс 33 израильдіктің 16-сы үйіне оралды. Олардың сегізі қайтыс болғаны анықталды. ХАМАС әлі де тоғыз тірі тұтқынды қайтаруы керек.

Израиль билігінің мәліметінше, келісімнің алғашқы кезеңі мақұлданған кезде ХАМАС тұтқынында 94 адам болған.

Айта кетейік, Израиль мен ХАМАС арасындағы келісім үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 42 күнге уақытша атысты тоқтатуды қарастырады. Осы кезеңде ХАМАС 33 израильдік тұтқынды қайтарып, Израиль шамамен 1,9 мың палестиналық тұтқынды босатады. Сондай-ақ Газа секторының тұрғын аудандарынан әскерін шығарады. Бұл гуманитарлық көмектің аймаққа жетуіне мүмкіндік береді. Бірінші кезеңнің 16-күні тараптар екінші кезеңді талқылауға көшеді, онда толықтай атысты тоқтату, қалған израильдік тұтқындарды палестиналықтарға айырбастау және Израиль әскерін Газа секторынан толық шығару қарастырылады. Үшінші кезеңде ХАМАС Израильге өлтірілген тұтқындардың денелерін қайтарады, ал халықаралық донорлар Газа секторын қалпына келтіру жұмыстарын бастайды.

Пікірлер