Ресей үкіметінің ішкі құжаттары желіге тарап кеткен. Онда Мәскеу Батыс елдерінің Орталық Азияға ықпалы артып келе жатқанына алаңдайтыны айтылған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бұл ақпаратты The Financial Times хабарлады.
Құжат 2024 жылдың сәуірінде Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин басшылық еткен стратегиялық сессияда таныстырылған. Жиынға ондаған үкімет мүшесі мен мемлекеттік корпорациялардың басшылары қатысқан.
Құжатта Украинадағы соғыстың Ресей мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасқа әсері қарастырылған. Мәскеу Батыс санкциялары Ресей мен оның серіктестері арасындағы байланысты әлсіретіп жатқанын мойындайды.
Кремль Еуразиялық сауда блогының орталығы болуды көздейді және “макроаймақ” құруды стратегиялық мақсат ретінде қарастырады. Мәскеу бұл аймақты АҚШ, ЕО және Қытайға қарсы экономикалық бәсекелес күшке айналдырғысы келеді.
Алайда Ресей Орталық Азия елдерін өз ықпалында ұстап қалудың оңай еместігін түсінеді. Құжатта Батыс елдері “жаза және сыйақы” әдісін қолданып, аймақ елдерінің Ресейге тәуелділігін азайтуға көмектесіп жатқаны жазылған.
“Батыс елдері бұл мемлекеттерге Ресейден тәуелсіз көлік дәліздері мен жаһандық нарықтарға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Ресейден қоныс аударған бизнес пен шетелдік компаниялардың көшуінен Қазақстан мен басқа елдер экономикалық пайда көріп отыр,” – делінген баяндамада.
Құжатта Қазақстан ерекше аталған. Мәскеу Қазақстанның Ресей-Украина соғысына қарсы екенін, Ресейдің оккупацияланған аумақтарын мойындамағанын және Батыс санкцияларын сақтауға тырысатынын атап өткен.
Кремль Орталық Азиямен байланысын нығайту үшін “ұзақ мерзімді ойын” жүргізетінін көрсеткен. Ресей аймақ елдерімен ортақ тарихты алға тартып, “тәуелсіздігіне құрмет көрсететінін” көрсетуге тырысатыны жазылған.
Құжатта Беларусь мысал ретінде келтірілген. Мәскеу бұл елдің экономикалық әртараптандыруға тырысқанына қарамастан, ақырында Ресеймен бірге болатынын түсінгенін көрсетеді.
Желіге тараған құжатта Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) “жүйелі проблемаларға” тап болғаны да атап өтілген. Олардың қатарында санкциялық тәуекелдер мен төлем жүйелеріндегі қиындықтар бар.
Сонымен қатар, Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы Ресейдің ықпалын күшейтуге арналған құралдардың бірі ретінде қарастырылған. Құжатта “Росатом” бұл жобаға ерекше қызығушылық танытып отыр” делінген.
Ал Ресей үкіметі The Financial Times-тың бұл құжатқа қатысты сұрағына жауап бермеген.