Америка президенті дәстүрлі дұға асында өзінің дін саласына қатысты ұсыныстарын жариялады. Лауазымды тұлғалар жиналған бұл асқа Қазақстандағы белгілі дінбасы, ел «TikTok имам» атап кеткен Нұрлан Байжігітұлы да қатысты.
АҚШ президенті Дональд Трамп өткен бейсенбі, 6 ақпан күні Капитолийде дұға асына қатысты. Онда ол дінді елге қайтару керегін айтты.
«ЖАРАТҚАН ЖАРЫЛҚАҒАН БІРТҰТАС ЕЛ»
Президент Трамп Ақ үйде дін бостандығы бойынша комиссия құрып, діни сенім істері жөніндегі офис ашатынын айтты. Сонымен қатар, ол антихристиандық (жалпы дінге қарсы деген мағынада) көзқарастармен күресу үшін әділет министрі Пэм Бондиге арнайы топ құруды тапсырған жарлыққа қол қоятындығын хабарлады.
«Біздің республикамыздың алғашқы күндерінен бастап, Құдайға деген сенім әрқашан еліміздің жүрегін қуаттандыратын күш болып келді. Біз дінді қайтаруымыз керек... Америка — мәңгілікке Жаратқан жарылқаған біртұтас ел», -деп мәлімдеді ол.
«Бұл топтың мақсаты — федералды үкімет құрылымдарында, соның ішінде әділет министрлігі, салық қызметі, ФБР және басқа агенттіктерде кез келген антихристиандық шабуылдар мен кемсітушілікті бірден тоқтату», - деп түсіндірді Трамп.
«АМЕРИКА ҚАҺАРМАНДАРЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ БАҒЫ»
Ос аста президент Трамп ел тарихында маңызды рөл атқарған америкалықтардың ескерткіштері қойылатын ұлттық мүсіндер паркін құру туралы жарлыққа қол қойғанын айтты. Бұл парк «Америка қаһармандарының ұлттық бағы» деп аталады.
Трамп әскери тікұшақ пен коммерциялық ұшақтың соқтығысуынан 67 адамның қаза табуына әкеп соққан оқиғаға байланысты ендігіде жаңа автоматтандырылған әуе қозғалысын басқару жүйесін тезірек енгізу үшін когресспен бірігіп жұмыс істейтінін айтты.
АҚШ басшысы Ұлттық дұға асында қатысу арқылы 70 жылдан астам уақыт бойы сақталып келе жатқан дәстүрді жалғастырды. Бұл іс-шара түрлі саяси көзқарастар мен партияларға тиесілі адамдарды біріктіру мақсатында өткізіледі.
«ТУРА ПРЕЗИДЕНТТІҢ АЛДЫНДА ОТЫРҒАН ИМАМ»
Биыл Вашингтонда өткен қайырымдылық таңғы асына Қазақстаннан белгілі имам, дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы қатысқан болатын. Ол бұл туралы Instagram парақшасына жазып, әсерімен бөліскен еді.
«Америка Құрама Штаттарының Вашингтондағы қайырымдылық таңғы асқа келіп отырмын…мыңдаған адам. Тура мына жерде АҚШ президенті сөйлейді. Тура президенттің алдында имамдарыңыз отыр», - деді Нұрлан имам.
Сондай-ақ, ол Трамптың шара барысында сөйлеген сөзі ерекше әсер еткенін айтты.
«Америка Құрама Штаттарының 45-ші және 47-ші президенті Дональд Трамп мырза қайырымдылық шарада сөз сөйледі. «Құдайым мені атқан адамға өлтіртпей, сіздердің алдарыңызға шығаруы, бұл елім үшін сый әрі менің көп дүниені жақсы жағына өзгертуіме себеп» деп айтты. Бұл сөзін Вашингтонда тап менің алдымда айтқаны маған үлкен әсер берді. Отырған орным да тура алдына түскен екен. Қасымда Армения, Косово, Украина және т.б. мемлекет президенттері отырды», - деп жазды Нұрлан Байжігітұлы.
АС ЕКЕУ, ПРЕЗИДЕНТ БІРЕУ
Осы астан кейін президент Трамп Вашингтондағы қонақүйлердің бірінде жеке топтың ұйымдастыруымен өткен басқа бір асқа қатысып, сөз сөйледі.
Айта кетсек, Дуайт Эйзенхауэр 1953 жылы ақпанда бірінші болып дұға асында сөз сөйлеген президент. Содан бері әрбір президент осы іс-шараға қатысып келеді. Аталмыш шараның Америка жұртының рухани жаңаруына бағытталғаны айтылады.
Биылғы асқа құрметті тең төрағалар ретінде Нью-Гэмпшир штатынан демократ сенаторы Мэгги Хассан мен Канзас штатынан республикашыл сенатор Роджер Маршалл тағайындалды.
2023 жылы да Ұлттық дұға асы екіге бөлініп өткізілді. Бірі Капитолийде, оған заң шығарушылар мен әкімшіліктің өкілдері қатысса, екіншісі Вашингтондағы қонақүйдің бал залында мыңдаған адамның қатысуымен жеке іс-шара болды.
Бір асты осылай екі бөлек өткізудің себебі ретінде заң шығарушылардың ұзақ жылдар бойы осы ірі іс-шараны ұйымдастырып келе жатқан және оны қаржыландыратын жеке діни топтан іргесін аулақ салу екені айтылады.