Мәскеудің шығысында, Электрозаводская көшесінде орналасқан бұрынғы Электрозавод ғимаратында ірі өрт шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы news.ru сайтына сілтеме жасап.
Мәскеу ТЖМ мәліметінше, өртке мүмкін болатын бес деңгейдің төртіншісі берілген.
Өрттің ошағы ғимараттың екінші қабатынан анықталған. Ағаш төсемелердің болуына байланысты жалын тез таралып, жалпы аумағы 800 шаршы метрді қамтыған. Ғимараттың үшінші және төртінші қабаттарынан қара түтін шығып жатқандығы хабарланды. Куәгерлердің айтуынша, өрт басталған сәтте ғимарат ішінде адамдар қалып қойған.
Өрт сөндірушілер алғашқы минуттарда үшінші қабатта кемінде 30 адамның қамалып қалғанын хабарлады. Екінші қабат толықтай жалынға оранып, ол жерде тағы 10 адамның болуы мүмкін екені айтылды. Сонымен қатар, Telegram-арналардың мәліметіне сәйкес, жалпы саны 50-ден астам адам ғимарат ішінде қалып қойған. Оның ішінде 30 адам «РоллерАрена» скейт-паркінде болған. Куәгерлердің айтуынша, скейт-паркке келгендер бір есік түтінге толып, ал екіншісінде құлып болғандықтан ғимараттан шыға алмай қалған. Соңында келушілер құлпы бар есікті бұзып, қараңғы баспалдақ арқылы сыртқа шыққан. Бесінші қабаттағы би студиясында да бірнеше баланың қамалып қалған болуы мүмкін екені айтылды.
Өрт шыққан ғимараттан жалпы 90 адам құтқарылды және 120 адам өздігінен эвакуацияланды. Құтқару жұмыстарына 60-тан астам өрт сөндіруші және 16 арнайы техника жұмылдырылды. Жоғары қабаттардағы адамдарды құтқару үшін көтергіш механизмдер орнатылған.
Өрт сөндірушілердің алдын ала болжамы бойынша, өрттің шығуына электр сымдарының ақауы немесе жүктеменің артуы себеп болуы мүмкін. Өрт кезінде сегіз адам зардап шегіп, төртеуі ауруханаға жеткізілген. Мәскеу денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, үш адам Склифосовский атындағы ғылыми-зерттеу институтына жатқызылды. Олардың барлығы түтіннен уланған, дегенмен дәрігерлер олардың жағдайын ауыр емес деп бағалауда.
Өрт кезінде қаза тапқандар туралы ақпарат түскен жоқ. Оқиғаға байланысты Мәскеу тергеу комитеті тексеру жұмыстарын бастағанын хабарлады.