Ақтауда зауыттың жұмысшылары қызметтерінен айырылғаны үшін наразылық білдіріп, ереуілге шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Информбюро мәліметінше, мұнай құбырларын шығаратын кәсіпорын басшылығы екі цехты Жаңаөзен қаласына көшірмек болған. Ақтаудағы цехте еңбек еткен 250 адамға басқа жұмыс іздей беріңдер деп ескертіпті. Ал қызметкерлер басшылықтың алдын ала ескертусіз, шұғыл шешім шығарғанына наразы.
“Бұл жерде 7 жыл, 10 жылдан бері жұмыс істеп жатқан адамдар бар. Штатқа ауыспаған, ГПХ-мен жұмыс істеп келе жатыр. Енді мекемені бұлар Жаңаөзенге көшіріп жатыр. Осы уақытқа дейін бізді “алып кетеміз” деп алдап келді. Енді “ешқайсысың кетпейсіңдер, демала беріңдер” деп отыр. Бір ай бұрын айтылды”, – деді жұмысшы Сергей Жұмаханов.
Наразылыққа шыққандардың басым бөлігі үйінің жалғыз асыраушысы екенін айтып, шағымдануда.
“Қаңтардан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ бізге келісімшарт берген жоқ. Келісімшарт желтоқсанда бітті. Оны сұраған кезде “бермейміз, жұмыс тоқтап жатыр” деді. Осындай жағдай болып тұр ғой. Бір күнде 200-ден аса адамды жұмыстан шығарды”, – деді жұмысшы Жеңісбек Тағанов.
Ереуілден соң зауыттың баспасөз қызметі мәселе шешілгенін мәлімдеді.
“2025 жылдың 6 ақпан күні "КаскорМашзавод" ЖШС аумағында компания қызметкерлері жиналып, бейнеүндеу жариялады. 7 ақпанда тараптар өзара мәмілеге келіп, жұмысшылардың наразылығын тудырған барлық мәселе шешілді. Қазір қызметкерлер жұмысқа қайта кірісті”, – деді "Каскор-Машзавод” ЖШС баспасөз қызметі.