Өткен аптада Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Eldik elge bailanysty» қоғамдық форумы ұйымдастырылды. Аталған форум спикерлері жаңа технологиялар дәуірінде ұлт болып ұйысу, ынтымақ пен бірліктің бағасын білу, күнделікті жиын-тойларда ысырапшылдық пен мақтангершілікке жол бермеу және ұрпақ тәрбиесінің ең өзекті мәселелері турасындағы ойларын ортаға салды.
Қазақтың арғы-бергі тарихы мен бүгінгі бет-бейнесі, жаңа ғасыр бедеріндегі ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің, өмір сүру дағдысының бағыт-бағдары төңірегінде пайымды пікірлер айтылған форумды облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік ашып, жүргізіп отырды.
Форумда алғаш болып сөз алған облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепбергеннің сана мен мәдениет, ұлт бірлігі, даңғазалық жайындағы оралымды ойлары көпшіліктің көкейінен жол таба алды.
– Қоғам да, адамдар да өзгерді. Сана мен мәдениетке байланысты мәселе көбейді. Сондықтан бүгінгі қоғамдық форум форматындағы басқосу қажет дүние. Келешек қоғам мен ұрпақ үшін ұялмайтын сөз айтуға тырысайық!
Қазақ халқы бар жиделі ғұмырында ынтымақ пен бірлікке ынтызар болып, жалауын төмендетпеген халық.
Біздің мұхиттың шар айнасындай өмірімізге, күнделікті тірлігімізде, оның ішінде сан белесті бағдары бар болашағымызға – ынтымақсыз, бірліксіз, өзара татулықсыз бара алмайтынымыз ақиқат.
Халқымыздың басынан өткен небір алапат шайқастар, тар жол тайғақ кешулерде – осы ынтымақ пен бірліктің серік болғаны белгілі.
Өйткені, осы асыл дүниелер – кешегі ұлы бабалардан қалған бағасы жоқ теңдессіз аманаттар.
Ал, еліміз Тәуелсіздігін алған шақта бірлік пен ынтымақ ұлттық иделогиямыздың тірегіне айналып, мызғымас құндылық биігіне көтерілгені айқын. Бүгінде «бірліктің жалауын көтеріп, шын жанашыры» болып кейбір егде кісілермен қатар естияр азаматтар кездескен шақта «руың қайсы, ат мінген атаң кім, жерің қайда?» деген сұрақтардың астына алары заманның дертіне айналып бара жатқан қынжылтады, – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.
Мұнан әрі спикер өз сөзін қазақы дәстүрдегі бала тәрбиесі, той мәдениетіндегі даңғазалық туралы ойларымен жалғады.
– Тоқсан тоғыз түйіннің бір ұшы – отбасындағы бала тәрбиесімен өрілмеуші ме еді. Отбасы қалай десек те тәрбиенің негізі қалыптасатын ордалы мекен, киелі орын. Қазақ баласын – ұл немесе қыз деп бөлмеген. Бірақ, дәл өрілген мақал-мәтелдерімен, тағылымы мол аңыз әңгімелерімен ұл балаға бөлек, қыз балаға бөлек тәрбие бере білген дана халық.
Ал, бүгінде осы бір ұлы қасиеттерден арамыз алшақтап бара жатқандай күй кешіп жүрміз.Кейде той мәдениеті туралы сөз қозғап, оның әбден жаттанды,жұртты ығыр қылған жағын айта қалсақ «Қазақ шаршаса тойдан шаршасын, Тәңірім халқымды осындай той-думаннан айырмасын» деп тереңіне мән бермей, көңіл көтеретін тұстарын алдыға шығара саламыз.
Әңгіме - осы бізде даңғазалық етек алып бара жатқан жоқ па? деген сауалға келіп тірелетін көп жағдай туралы туралы болып отыр. Иә, біздің бабаларымыз бір заманда атақты байға ас беріліп, 620 жылы, 200 қой жұмсалған екен, деген деректі білеміз. Ат бәйгесіне 100 жылқы тігілген деген сөз де рас. ХІХ ғасырда Ерейментауда өткен Сағынайдың асында жұмсалған шығын әйгілі Тәж Махал мавзолейін салуға жұмсалған қаржымен пара-пар түскендей екен. Қазір де аста-төк дүниені шашып жатқандар аз емес.
Бұл қарапайым халыққа қалай әсер етеді. Мұны да ойлап қою керек шығар, –деді халық қалаулысы Мейрамбек Мылтықбайұлы.
Бүгінде қоғам назарын ерекше аударар мәселенің бірі жастар саясаты екені белгі. Заман ағымымен мың құбылған жастардың ой-өрісі, таным түсінігі тым басқа. Ел ертеңі саналатын өрендердің ертелі кеш смартфондар мен компьютерге үңіліп, тәлім-тәрбиені, үлгі-өнегені ғаламтордан алып жатқаны да жасырын емес. Осы бір өткір мәселеде дәстүрлі қазақ қоғамының айнымас бөлшегі саналғанымен бұл күндері желісі үзілген жастар тәрбиесінде қариялардың ықпалын күшейту қажет-ақ. Форумда сөз алған еңбек ардагері, баталы қария Әбілқасым Ергебековтің де ойы осы төңіректе өрбіді.
– Халқымызда «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деген даналық сөз бар. Біздің қоғамда жастың да, қарияның да орны ерекше. Елдің келешегі, жастардың дұрыс қалыптасуы орта буынға да, қарияларға да байланысты. Қоғамда қариялардың рөлін көтеру маңызды деп білемін.
Кәрілік адамды қартайтпайды. Адамды қол қусырып отырған қартайтады. Жастар тәрбиесіне мән бермеген, жастарға жол сілтемеген кәрілік –зая кетеді. Бала тәрбиесінде ұсақ дүние болмайды. Балаға ұл, қыз демей өздеріне өздері қызмет етуді жастайынан үйрету керек. Еңбекқорлық содан қалыптасады. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамас» деген қағиданы ұғындыруымыз қажет.
Бүгінде мемлекет тарапынан жастарды қолдаудың барлық тетіктері қарастырылған. Жастар жылында қайтарымсыз несиелердің берілуі, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша қыруар жұмыс бар. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген ақылды, зерек жастардың таудай талабы қуантады.
Десе де бір дүние ғана көңіліме кірбің түсірді. Бұл жастар арасында өз өзіне қол жұмсаудың жоғарылап отырғаны. Бұл не кесапат? Әлде тәрбиенің, баланы қиындыққа төзуге үйретудің әлсіздігі ме? «Сәби таза тақта, сол тақтаға не жазсаң соны оқисың» дейді Аристотель. Сол таза тақтаға ғибрат пен тәлім жаза алмаған қоғамның індеті ма? Расын айту керек бүгінгі қоғамда кейбір ата аналарға да тәлім керек. Осы мәселеге уақыт оздырмай әсер етуіміз қажет деп ойлаймын, – деді қария.
Ал «һибатула Тарази» облыстық орталық мешітінің наиб-имамы Бақтияр Әміреев көпшілікті қайғы қуанышта ас та төк дастархан жайып, қала берді дүниеден қайтқан кісінің басына белгі қоюды бәсекеге айналғандардың әрекетіне тыйым салуға шақырды. Әрі бұл тұрғыда қадым заманнан қолданыста жүрген халқымыздың әдет-ғұрпы мен өмір сүру жоралғысы мысал етіп, құдайы тамақ берудің Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ұсынған ас мәзірімен таныстырды.
– Тағылымы мол жоралғыларды берік ұстанған халқымыз ешқашан ысырапшылдыққа жол бермеген. Ысырапшылық – Алла Тағаланың сүймейтін іс, оның зияны мен зардабы көп. Бір өкініштісі, соңғы кезде көптеген салт-жоралғылар мен діни рәсімдер шектен шығып, шариғаттан алыстап барады.
Дүниеден бір кісі өтсе, оны ақтық сапарға шығарып салу –мұсылмандардың міндеті. Бірақ көпшілігіміз мал-дүниемізді қайтыс болған жандар үшін емес, жұрттың мақтау сөзі үшін сарп етіп жатқандаймыз.
Осы ретте Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы садақа, құдайы тамақ берудің ас мәзірін бекітті.
Мәзірге бауырсақ, жеті нан, тары, құрма, қант, кәмпит, сары май, шай, өрік, мейіз, қаймақ, ет пен күріш кіреді.
Бұл жөнсіз ысыраптың алдын-алудың бірден-бір жолы, – деді Б.Әміреев.
Қоғамдық форумда көтерілген мәселелердің негізгі үлесі ұрпақ тәрбиесінің еншісіне тиді. Текті ұл мен қыздың тәрбиесін талбесіктен, отбасы-ошақ қасынан бастау керектігі жайында байламды пікірді ардагер ұстаз Кәмилаш Ахметжанова айтты.

- Әр отбасының алғашқы ұстазы - ол ата-анасы. Ұлын ұлықтап, қызын үкілеп ұлтымыздың асыл дәстүрімен өскен бала, отбасының қуанышы ғана емес, еліміздің зиялы азаматы болып өсуі анық.
«АДЫРНА»
ұлттық порталы