Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджанов пен жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетовтің ісі бойынша жарыссөз өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Массагетке сілтеп.
Прокурор Ахмеджановты қызмет бабын асыра пайдаланды және алаяқтық жасады деп айыптап, 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ, оның мүлкін тәркілеу және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру ұсынылды.
Тергеу мәліметтері бойынша, Ахмеджанов пен Самамбетов Алматының таулы аймақтарында жеке тұрғын үй салуға арналған жерлерге ірі тұрғын үй кешендерін заңсыз салуға рұқсат берген. Олар құжаттарды рәсімдеу барысында заң бұзушылықтарға жол беріп, кадастрлық төлемдерді айналып өткен.
Сонымен қатар, тұрғын үй кешенінде қабат саны мен ғимараттың тығыздығы бойынша заң бұзушылықтар анықталған. Тергеушілердің мәліметінше, Ахмеджанов осы заңсыз әрекеттерінің орнына тұрғын үй кешендерінен туыстарына пәтер алған.
Прокурор сотталушылардың кішкентай балалары барын жазаны жеңілдететін, ал антты бұзғандарын ауырлататын мән-жай ретінде қарастыруды сұрады.
Сондай-ақ, прокурор Ардақ Самамбетовті кінәлі деп танып, оны белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру және 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Соттың үкімі жақын күндері жарияланады.