Шымкентте 20 күн бұрын із-түссіз жоғалып кеткен 20 жастағы Бәйдібек Еділбек өлі күйінде табылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Шымкент қаласының полиция департаменті ресми мәлімдеді.
Құзырлы орган өкілдерінің хабарлауынша, жоғалған азаматтың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, марқұмның денесінде қандай да бір зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
Бәйдібек Еділбек 14 қаңтар күні Түркістан облысы, Шұбарсу ауылынан Шымкент қаласына көлік құжатын алу үшін келген. Ол досын әуежайға шығарып салып, сол күні түскі уақытта әкесімен сөйлескен соң байланыс үзілген. Соңғы телефон қоңырауында жігіт ауылға қайтып бара жатқанын айтқан.
Сол сәттен бастап оның қайда екені белгісіз болып, жақындары дабыл қақты. Алайда іздеу жұмыстары нәтиже бермей, отбасы полиция қызметкерлерінің жұмысына көңілі толмайтынын мәлімдеген еді.
Ұзақ уақыт бойы ешқандай нәтиже болмаған соң, еріктілер топтары да Бәйдібекті іздеуге кіріскен. Өкінішке қарай, олар жас жігітті көшелердің бірінде өлі күйінде тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталған соң, қосымша ақпарат беріледі.