Ресей Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL ұшағының апатын тергеу бойынша алдын ала есепке түсініктеме беруден бас тартты. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл мәселеге қатысты Ресей президенті әкімшілігінің түсініктеме бере алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Бұл алдын ала есеп. Әрине, біздің тиісті ведомстволар оны мұқият зерттейтін болады. Алайда, президент әкімшілігі бұл тақырыпқа түсініктеме бере алмайды», – деп атап өтті Песков.
Кремль бұл мәселе бойынша жауап бермесе де, Росавиация алдын ала есептің расталғанын мәлімдеді.
Росавиация мәліметінше, ұшақтың сыртқы әсерлерден зақымданғаны расталған. Бірақ Қазақстан тарапынан ұшақ ішіндегі нақты қандай бөгде заттардың анықталғаны туралы ақпарат жоқ. Сонымен қатар, экипаж ресейлік диспетчерлер ұсынған балама аэродромдарды пайдаланбаған, ал ұшаққа құс кіріп, оттегі баллонының жарылуы туралы ақпарат Embraer компаниясынан келіп түскен.