АҚШ алғашқы заңсыз мигранттарды Гуантанамо түрмесіне жіберді

823
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

АҚШ билігі алғашқы заңсыз мигранттар тобын Гуантанамо түрмесіне жөнелтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жеткізілгендердің арасында аса қауіпті қылмыскерлер бар. Соның ішінде Венесуэланың Tren de Aragua қылмыстық ұйымының 10 мүшесі де қамтылған. Олар адам ұрлау және адам саудасымен айналысқаны үшін ұсталған.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левиттің айтуынша, олар арнайы ұшақпен әскери базаға жеткізілген. Жақын күндері қосымша рейстер ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Қазақстанның сыртқы істер вице-министрі Ермұхамбет Қоныспаев АҚШ шекарасындағы заңсыз мигранттарға арналған лагерьлерде қазақстандықтар жоқ екенін мәлімдеді.

"Лагерьлерде Қазақстан азаматтары жоқ. Жақында біздің елшілік осы мәселе бойынша шаралар қабылданатынын хабарлады. Заңсыз жүрген азаматтарға бұл жағдайды реттеу қажеттігі туралы ескерту жасалды. Статистика бойынша нақты санын айта алмаймын. Бірақ олардың барлығына ескерту жіберілді", – деді Қоныспаев.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі мен басқа да консулдық мекемелері АҚШ-та жүрген азаматтарды тұрақты түрде бақылап отырады.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп 30 мыңнан астам заңсыз мигрантты Гуантанамо түрмесіне көшіру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Кубада орналасқан бұл колония қатаң ұстау режимімен ерекшеленеді.

Пікірлер