Әкесінен бала күнінде тірідей айырылып, ал анасы Тараз қаласында белгісіз біреулердің қолынан қапыда көз жұмып, қамқоршысыз қалған жеткіншек Орал қаласында тұратын туысын паналауға душар болыпты. Тағдыры небәрі 18 жасында темір тормен табысқан Сабит есімді жас жігіт өзінің басынан кешкен оқиғаларын осылай баяндап бастады.
Ол бүгінде Өскемен қаласындағы түзету колониясының бірінде жазасын өтеп жатыр. Мойнына тағылған айып та жеңіл емес. Әлеуметтік желіде экстремизм мен терроризмді насихаттағаны үшін ҚР қылмыстық кодексінің 256- бабының 2-тармағы, 174-баптың 1-тармағы бойынша үшін жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған.
-Сабит, бізге өз өмірбаяның туралы айтып берші, дінге қалай бет бұрдың, не түрткі болды?
-Анам қайтыс болған соң, туысымыздың үйінде өмір сүру мүмкін болмады. Күнде ұрыс естігеннен шаршадым. Ол кісіге мені балалар үйіне өткізіп тастауын өтіндім. Исламға қызығушылығым сол интернатта басталды. Өйткені басыма қиыншылықтар болды. Өмірде бір нәрсеге сүйенгім келді. Өзіме көмектесетін белгісіз бір күш деген сияқты ғой.... сол нәрсені іздедім. Мен сонда не үшін өмірге келдім, не істеу керекпін, неге менің өмірім осындай, басқалар қалай өмір сүреді деген сияқты сұрақтар пайда болды. Әкесімен бірге мешітке барып, намаз оқып жүретін Ералы есімді кластас досым болды. Намаз оқуды ең алғаш содан сұрап үйрендім. Бірақ кейіннен менің дінге деген қызығушылығым артып, интернет арқылы әртүрлі уағыздарды іздеп жүріп тыңдай бастадым. Мешітке жиі барып, біздің балалар үйінің бұрыңғы балалармен кездесіп жүрдім. Бір күні олар маған намазды қате оқып жүргенімді, ақидамның қате екенін айтып, дәлелдер келтірді. Менің сауатым болмады, дәл осы кезден бастап шатыса бастаппын...
Сабиттің айтуынша ол псевдосалафилердің ықпалына түскен соң, оған алғаш намаз оқып үйреткен Ералы деген досы онымен байланысын бірден үзіпті. Әкесі оған Сабитпен араласуына қатаң тыйым салған екен.
-Кімдердің уағыздарын тыңдадың, олар саған не үйретті?
-Ең басында Дильмурат, Назратулла, Ринат деген адамдардың уағыздарын тыңдадық. Олар өз уағыздарында Абу-Ханифа масхабын ұстанатындармен өзің бірінші болып амандаспау керек, егер өздері амандасса қысқа ғана жауап қайтару керек деп үйрететін. Тіпті досым Ералымен кездескенде де солар айтқандай амандасып жүрдім. Ақыры арамыз мүлде суып, кейін мүлде амандаспайтын болдық. Біз оларды сыртынан «бидағатшылар» деп айтатынбыз. Жанымда жүрген жамағаттағы балалардың көпшілігі осы жетімдер үйінің бұрыңғы түлектері, арасында түрмеден босап шыққан жігіттер де болды. Олармен бірге сақал өсіру, шалбардың балағын қысқарту, телевизор көрмеу қажет, имамдармен сөйлеспеу, масхаб ұстанатындармен араласпау керек, «кәпірлердің мерекелерін» тойламау керек, музыка тыңдамау, кітап оқымау керек деген сияқты «запреттардың» бәрін істедім. Бұның барлығын «таза ислам» деп ойлайтынмын. Ал намаз оқымайтын адамдарды, полиция қызметкерлерін тіпті жек көріп кеттім.
-Сонда «кәпірлердің мерекелері» дегенің қандай мерекелер еді?
-Бізге исламда жоқ мерекелердің барлығын «кәпірлердің мерекелері» деп үйретті ғой.... жаңа жыл, аяз ата, наурыз, 9-май, туған күн деген сияқтылар ғой.. Тіпті Пайғамбырымыз Мұхаммед с.ғ.с-ның туған күні «Мәуліт мерекесін» тойлап жатқандарды да жек көретінбіз.. Алла кешірсін мені......
-Ал Сириядағы соғысқа кету туралы шешім қалай пайда болды?
-Біздің арамызда фитна (өзара келіспеушіліктер) пайда бола бастады. Кейбір жігіттер Дилмурат пен Назратулланың уағыздарының әлсіз екендігін, ал интернетте нағыз исламды уағыздайтын шетелдік мықты шейхтардың бар екенін айтып жүрді. Сирияда мұсылмандардың мемлекеті құрылғалы жатқаны, жер бетіндегі барлық мұсылмандардың басын қосып, ислам халифатын құратыны туралы бейнероликтер көрдік. Сол уақыттан басталды ғой.... Ислам халифаты туралы, Сирияда соғысып жүрген мұсылмандар туралы видеоларды жиі көре бастадым. Сирияға хижра жасап кетіп, коттедж үйлерде, бақытты өмір сүріп жатқан қазақтар туралы видеолар тарап жатты. Бұлардың адамдарды тарту үшін арнайы арнайы түсірілгенін кейін білдім ғой...
-Яғни сен псевдосалафилік идеологияның өз ішіндегі ағымдарына ауысып кеттің ғой..
-Иа, мен енді бұрын тыңдап келген Ділмұрат, Назратулла, Башпаев дегендердің уағыздарын тыңдауды қойып, Сирияға хижра жасауды ашық шақыратын видео-уағыздарды көре бастадым. Олар өз уағыздарында джихат жасау арқылы жұмаққа жылдам баруға болатынын айтатын. Қазір ойлансам сол Ділмұрат, Назратулла, Ринат дегендер ең бірінші ақидаңды өзгертіп, адамдардан алыстады екен. Біраз уақыттан кейін адам өзің ойлана бастайсың.... Анау кафир, мынау кафир... Өзіңді сондай ойға әкеледі. Яғни өздері бастап адастырып, кейіннен джихатшыларға қарай өткізіп жіберетін көпір сияқты...
-Сабит, сонда олардың біздің зайырлы мемлекетті жек көрудің негізгі себебі неден деп ойлайсың?
-Олар жер бетіндегі мемлекеттер Алланың заңына ғана бағыну керек деп санайтын. Ал басқа заңдарды адамдардың өздері ойлап тапқан заңдар, оған бағынғандар кәпір болады деп үйретеді ғой...
-Ары қарай тағы қандай әрекеттер жасадың?
-Мен Сирияға шақыратын уағыздарды жинақтап, оларды тарата бастадым. ҰҚК-нің қызметкерлері маған теологтарды ертіп әкеліп түсіндірді. Олар маған түсіндіріп бастағанда, жүрегіме шубха (күмән) салмасын деп ішімнен білетін дұғаларды оқып, мелшиіп отыра беретінмін. Менің қайтпайтынымды түсінген КНБ қызметкерлері мені түрмеге ертіп апарып, экстремизм мен терроризм үшін сотталған адамдармен де кездестірді. Сотталғандардың бірі өзінің Сирияға барып келгенін, ол жақта біз ойлағандай ешқандай да ислам жоқ екендігін, босқа алданғанын айтып, мені ол жаққа бармауға үгіттеді. Бірақ мен оның сөздеріне сенбедім. Түрмеде оны көндіріп, маған әдейі айтқызып отырған шығар деп ойладым. Тіпті оған Алланың діні үшін қиындықтарға шыдамаған қорқақ-мунафиқсың деп кіналап кеттім. Бұл менің үлкен қателігім болды.
-Яғни өзіңе дұрыс жол көрсетпек болған адамдарды тыңдамадым дейсің ғой...
-Иа, өйткені мен жетім болдым ғой. Бұл жерде мені ұстап тұрған ешкім болған жоқ. Әкем жоқ, шешем де жоқ, жақын достарым да болмады. Айналам толған кафирлар деп санадым... Қалайда Сирияға кетудің жолын іздедім. Өзімнің оңбай қателескенімді түрмеге түскен кезде бірақ түсіндім ғой. Шынымды айтсам уағыздар миымды мүлде ойландырмай, қатырып тастаған ғой. Көздерім одан басқа ештеңені көрмей, құлағым дұрыс ақылды естімей, миым ештемені қабылдамай қалған. Түрмеде өзім сияқты адамдарды кездестірдім. Қазір олардың тағдырлары туралы өздерінен сұрап, жинақтап, әңгіме сияқты жазып жүрмін. Бәрінің оқиғалары өте ұқсас.... мен сияқты исламдағы шындықты іздеймін деп жүріп шатысып кеткендер ғой бәрі....
-Сабит, шыныңды айтшы, қазір қандай шешімге келдің, алдыңда қойған қандай мақсатың бар?
-Қазір мен тура жолға түсірген Аллаға шүкір етемін. Алланың атымен ант етейін. Шын сөзім. Мында дұрыс діни кітаптарды оқып, теолог-ғалымдармен кездестім. Сирияны көзімен көріп келген екі жігіттің әңгімелерін тыңдадым. Осылайша өзімнің қай жерден қателескенімді ұқтым. Менің осы сөздерімді оқып отырған, әлі теріс ағымда жүрген бауырларыма айтқым келеді. Салафизм дегеннің қайсысы болса да дұрыс жол емес. Өзіңіз көріп тұрсыз ғой, маған бұл сөздерді айтуға бұл жерде ешкім қысым жасап тұрған жоқ. Тек білімді адамдарды тыңдап, дұрыс кітаптарды оқып, осындай шешім қабылдадым. Осыны түсіну үшін міндетті түрде сотталып, немесе менің тағдырымды қайталау қажет емес. Бостандықта білім алуға мүмкіндік зор ғой. Білімді адамдарды тыңдау керек, айналаңдағы жақын адамдарды жақсы көруге керек. Түрмеден шыққан соң оқуға түсіп, теолог-дінтанушы болғым келеді. Кезіндегі өзім сияқты адасып жүрген жастармен түсіндіру жұмыстарын жүргізгім келеді. Мен оларға түсіндіре аламын деп ойлаймын, өйткені бәрін өз басымнан өткіздім ғой,-деп Сабит әңгімесін аяқтады.
Ақидасының ақыры адасушылыққа апарған жас жігіттің тағдырына жанымыз ашыса да, өз қателігін түсініп, бізге бар сырын ашық айтып, алдына үлкен мақсат қоя білген зор ынтасына риза болып аттандық.
Әңгімелескен: Ермек Құрманғалиев. ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы.
"Адырна" ұлттық порталы