Украинаға қарсы соғыста Ресей тарапында соғысқан КХДР-дың әскери қызметкерлері шығынға ұшырағаннан кейін Курск облысына шегінді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы бейсенбі күні америкалық The New York Times газеті аты-жөні аталмаған украиналық және америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлаған. Олардың айтуынша, солтүстіккореялық әскери қызметкерлерсоңғы екі аптада майдан шебінде байқалмаған.
Украиналық шенеуніктің түсіндіруінше, КХДР әскери күштері мен ресейлік әскерлердің үйлесімділікте болмауы олардың шығындарының артуына себеп болған. Солтүстіккореялық сарбаздар соғыс алаңына келген кезден бастап өз беттерімен әрекет етіп, аз ғана бронетехникамен алға жылжыған және сирек жағдайда ғана қайта топтасу үшін аялдаған.
Украинадағы дереккөздерге сілтеме жасаған NYT басылымы осындай ақпарат таратты. Бұған дейін британдық Sky News телеарнасы да КХДР әскерлерінің үлкен шығындарға ұшырап, майдан шебінен шығарылғанын хабарлаған.
Украина қарулы күштерінің арнайы операциялар күштерінің өкілі Александр Киндратенко да өз бағыты бойынша КХДР әскери қызметкерлерінің жоқ екенін растады.
"КХДР әскерлері шамамен үш апта бойы байқалмады. Бәлкім, олар ауыр шығынға ұшырап, шегінуге мәжбүр болған", – деп жазды оның сөзін Украинская правда басылымы.
Ал Ресей билігі Солтүстік Корея әскери күштерінің шегерілуі туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді.
"Онда дұрыс та, бұрыс та, қисынсыз да, шындық бұрмаланған пікірлер айтылып жатыр. Сондықтан әр жолы пікір білдіргеніміз дұрыс емес шығар", – деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Айта кетейік, 2024 жылғы қарашада Солтүстік Корея мен Ресей жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімді ратификациялаған болатын. Владимир Путиннің Пхеньянға сапары кезінде жасалған бұл келісімнің шарттарына сәйкес, екі елдің бірі қандай да бір мемлекеттің қарулы шабуылына ұшырап, соғыс жағдайына түссе, екіншісі оған барлық қолда бар құралдарымен әскери және өзге де көмек көрсетуге міндеттеледі.