Адам ағзасына қажетті витаминдер мен БАД өнімдерін өндіретін компанияда жұмыс істейтін кейбір қызметкерлер басшылық тарапынан дөрекілікке тап болғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, директор қызметін атқаратын Дәурен есімді азамат қызметкерлерге боғауыз сөздер айтып, дөрекі қарым-қатынас жасаған.
Редакцияға келіп түскен ақпарат аясында компанияда бұрын жұмыс істеген азаматтардан жауап алып, мәселенің ақ-қарасын анықтауға тырыстық. Келеңсіз жағдай орын алған компанияда екі ай жұмыс істеген бұрынғы сату маманы пікір білдірді.
"Менің ойымша, ол кісі сол сәтте ашулы болды. Себебі сату мамандары жұмысқа кешігіп келді. Осы жағдайдан соң басшылықпен жалпы жиналыс болды. Дәурен мырза менің жекеме өтетін сөз айтпады. Жиналыс барысында жұмыс бойынша командамыздың атынан сөз сөйледік. Жағдайды айттық. Кейін біз командамен бірге ол компаниядан жұмыстан шығып кеттік", – дейді бұрынғы сату маманы.
"Бұл қалыпты жұмыс процесі ме, әлде басшының билікті асыра пайдалануы ма?"
Тағы бір сату маманы Дәурен есімді азаматтың қызметкерлермен дөрекі сөйлесетінін растады.
«Ол кісінің жұмыс істеу принципі сондай. Соған байланысты да көп адамдар жұмыстан шығып кеттік. Жиналыстарда, таңғы бес минуттық жиналыстарда боқтық, дөрекі сөздерді көп қолданады. "Сендер сондайсыңдар" деп те, жеке де айтылады. Басшылық тарапына да ескерттік. Дәурен мырза күнделікті боғауыз сөздерді қолданатын. Осыған дейін қаншама басшылар, адамдар болды. Бірақ мұндай қарым-қатынасты біз көрмегенбіз. Көпшілігі осыған шыдамай жұмыстан шығып жататын. Мамандар көп ауысады. Ол кісінің мақсаты түсініксіз. Себеп бар болсын, жоқ болсын, сондай сөзді айтатын. Өмірде, жалпы жиналыста, ватсапта, күнделікті қарым-қатынаста да солай сөйлейтін. Осыған дейін тәжірибемде мұндай болған емес. Ол кісінің жекесіне де айттым. "Маған олай сөйлеуге қарсымын, артық кетпеңіз" деп айтатынбыз. Тіпті уәде де берген. Уәдесінде тұрмады. Негізі жұмыс кестесі бастапқыда 7-ге дейін деп айтылатын. Бірақ 20-21-22:00-ге дейін қалатын кездер болды. "Қаласыңдар, қалмасаңдар ертең келмей-ақ қойыңдар" дейтін. Жалақыны үлкен басшылық төлейтін. Ол жағынан ешқандай мәселе болмайтын". Кейін жұмыстан шыығп кеттік. Дәурен мәжбүрледі. Үнемі солай сөйлейтін», – дейді сату маманы.
"Командамен жиналыс жасап, шешім қабылдадық"
Компанияның "үлкен" басшылығы орын алған жағдайға қатысты түсініктеме берді. Оның сөзінше, жағдай 2024 жылдың желтоқсан айында болған. Алайда өзін компанияның құрылтайшысы деп таныстырған әйел адам бұл жағдайды жақында ғана білгенін хабарлады.
"Мұндай жағдай болады деп ешбір басшы ойламайды деген ойдамын. 2014 жылдан бастап бизнеске келдік. Мен кәсіпкермін, витамин, БАД өндірушісімін. Штаттық көлем үлкен деп айта алмаймын. Бірақ, біраз адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп жатырмыз. Мұндай жағдай өмірімде болмаған, алғаш рет келеңсіз жағдаймен кездесіп тұрмыз. Мені кәсіпкерлер жақсы түсінеді деген ойдамын. Бұл жағдайды ести сала, әрине, бірінші кезекте Дәурен мырзамен сөйлестік. Бүкіл командамен бірге жиналыс жасадық. Ол кісіге қатаң сөгіс жарияланды және дедлайн берілді. Сонымен қоса, командамен де сұхбат жүргізілді. Айта кету керек, Дәурен мырзаны қолдап жатқан команда мүшелері өте көп. Кәсіпкер болған соң сату жоспарын орындау, өзге де жұмыстар бар. Мүмкін провокация, мүмкін қандай да бір ішкі жағдайлар, ұрыс-керіс болған шығар. Екі тарапты да тыңдадық. Әзірге бізде Дәурен мырза жұмыс істеп жатыр. Қаласаңыздар компаниямызға келіп, көзбе-көз көріңіздер", – деп мәлімдеді компания басшылығы.
WhatsApp-тағы даулы хабарламалар
Қызметкерлер редакцияға WhatsApp-тағы хабарламалардың скриншоттарын да ұсынды. Олардың айтуынша, топтық чаттарда да Дәурен мырза қызметкерлермен дөрекі сөйлескен.
2011 жылы негізі құрылған компания әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істейді. Олардың Instagram парақшасында бірнеше парақшалары ашылған. Ал ресми әрі негізгі папақшада 8000-нан астам оқырман бар. Бірақ, бұрынғы қызметкерлер сыртқы имидж бен ішкі жағдай екі түрлі екенін айтады.
Компанияға тұтынушы ретінде хабарласып, өнімнің бағасы әр адамға арнайы есептелетінін анықтадық. Ал балалар дәруменін 3 айлық баладан 16 жасқа дейінгі жасөспірімге ішуге болатыны да желідегі парақшада көрсетілген.
“Сәлеметсіз бе! “…”денсаулық орталығына қызығушылық білдіргеніңізге рақмет!Орталық маманы сізге жақын арада хабарласады”, - делінген жауапта.
Заң не дейді?
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жұмыс берушінің қызметкерлерге дөрекілік көрсетуі, боғауыз сөздер айтуы және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалануы тәртіптік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Егер бұл әрекеттер моральдық немесе психологиялық қысым көрсету ретінде қарастырылса, қызметкерлер сотқа немесе еңбек инспекциясына шағым түсіре алады.
WhatsApp желісінде компанияның ортақ тобында жазылған балағат сөздер этикаға сай материалда жарияланбады