"Бүкіл Еуропа қалайды". Зеленский Ресеймен келіссөздерге қатысты жаңа шарттарын атады

751
Adyrna.kz Telegram
Фото: Thomas Peter/ Reuters
Фото: Thomas Peter/ Reuters

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың  президенті Дональд Трамппен кездесу Мәскеумен белгілі бір форматта диалог бастау үшін маңызды шарт екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.

"Менің ойымша, ең алдымен біз Трамппен  кездесу өткізуіміз керек, бұл өте маңызды. Айта кетейін, мұны бүкіл Еуропа қалайды", – деді Зеленский.

Оның айтуынша, АҚШ басшысымен байланыс орнатқаннан кейін  Ресеймен қандай да бір келіссөз форматына көшу керек. Зеленский келіссөздер үстелінде Украина, Ресей, АҚШ және Еуропалық Одақтың өкілдері болуы тиіс деп санайды.

Сондай-ақ, Зеленский Украинаның НАТО-ға кіруі қажеттігін тағы да алға тартты.

"Мен шынымен де бұл – Украинаның қауіпсіздік кепілдіктерін алудың ең арзан жолы деп санаймын. Бұл барлығына тиімді", – деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, Киевтің альянсқа қосылуы Трамп үшін үлкен жеңіс болар еді. Өйткені бұл шешімді АҚШ қабылдайтынын, ал Ресейдің бұған ықпалы жоқ екенін көрсетеді. Сонымен қатар, НАТО-ға Украинаның 800 мың сарбаздан тұратын әскері қосылады.

Егер Украинаға басқа қауіпсіздік кепілдіктері ұсынылса, онда ол АҚШ пен Еуропадан қажетті көлемде қару алуы керек және өз қорғаныс өнеркәсібін қолдау маңызды, деп атап өтті Зеленский.

Бұған дейін Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен байланыс орнатуға, соның ішінде кездесуге дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген. Путин де осындай ниетін білдірген. Алайда екі ел басшыларының нақты келіссөздер жүргізетіні немесе телефон арқылы сөйлесетіні жайлы ресми ақпарат жоқ.

Бұған дейін Путин Зеленскийді "заңсыз президент" деп атаған еді. Өйткені 2024 жылдың мамыр айында оның президенттік өкілеттік мерзімі аяқталды. Сондықтан ол бейбіт келісімге қол қою құқығына ие емес деп санайды.

Пікірлер