Ғылыми қызметкерлерге еңбекақы төлеу қағидалары қайта қаралмақ

805
Adyrna.kz Telegram

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылыми қызметкерлердің еңбекақысы төңірегіндегі дауға жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесі 2025 жылдың 5 қаңтарында күшіне енген ғылыми қызметкерлердің еңбекақы төлеу қағидаларына қарсылық білдірді. Бұл туралы ұйым әлеуметтік желіде жариялап, жазбаға 100-ге жуық пікір қалдырылды.

Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Мақсат Жабағиннің айтуынша, жаңа қағидалар бұрынғы жүйеге қарағанда тиімсіз. Бұған дейін ғалымдар гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында ғылыми қызметкерлердің еңбекақысын жобаның ғылыми жетекшісі өзі бөлетін. Бұл тәсіл жұмыстың күрделілігіне, ауқымына және әрбір зерттеушінің нақты үлесіне байланысты жүргізілетін.

"Жаңа қағидалар еңбекақы мөлшерін бірыңғай белгілеуді қарастырады. Бұл – отандық ғылымдағы бюрократияның артуының белгісі. Ғылымға қатысты кез келген реформа ғалымдардың өзімен ақылдасып жүргізілуі тиіс", - деді Мақсат Жабағин.

Жас ғалымдар кеңесі министрлік бекіткен №592 қағидалары ғылым саласындағы ең төменгі еңбекақы деңгейі ретінде қабылдануы қажет деп есептейді. Алайда, ең жоғары еңбекақы мөлшеріне шектеу қойылмауы тиіс. Ғылыми жобалар мен бағдарламалар жетекшілері бекітілген ғылыми өтінім бюджеті шеңберінде ең жоғары еңбекақы мөлшерін өздері анықтауы керек.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл мәселе бойынша пікір білдіріп, жаңа норманың қайта қаралатынын айтты.

"Өткен аптада біз ғылыми-зерттеу институттарының басшыларымен, жас ғалымдармен бірнеше сессия өткіздік. Барлық ұсыныстар жиналды. Келесі аптада бұйрыққа өзгерістер енгізіледі. Қаржылай шектеу алынып, жаңа бұйрық шығады. Сонымен қатар, жаңа байқауларға осы өзгерістер ескеріледі", - деді министр.

Осылайша, ғылыми қызметкерлердің еңбекақысына қатысты қағидалар қайта қаралып, өзгерістер енгізілетіні белгілі болды.

Пікірлер