«Қазақстан халқына» қоғамдық қорын үш жыл бойы басқарған Болат Жәмішев қызметінен кетті. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Болат Жәмішев басшылық қызметке 2022 жылдың қаңтарында тағайындалған болатын. Басқарма төрағасы болып сайланған өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Болат Жәмішев қордағы жұмысын аяқтау туралы шешім қабылдады.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің шешімімен 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап «Қазақстан халқына» қоры басшылығына қайырымдылық және Қазақстандағы ҮЕҰ-ның институционалдық дамуы мен әлеуметтік жобаларды басқару саласындағы сарапшы Ләззат Шыңғысбаева сайланды. Ол бұған дейін «Қазақстан халқына» қоры Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып, мемлекеттік награда — «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Атамекен» ҰКП құрметті қызметкері» медалімен марапатталған.
Сондай-ақ, қамқоршылық кеңес қор қызметкерлері София Айсағалиеваны басқарма төрағасының орынбасары, Серікбек Елшібековті «Қазақстан халқына» қорының басқарма мүшесі етіп сайлады.