Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде ақпарат тарататындарға үндеу жасады. Бұл туралы ол парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Министр онлайн-платформаларда заңға қайшы, шындыққа жанаспайтын ақпарат жиі таралатынына наразы. Ол осыған байланысты желілік ресурстардың әкімшілерін жаңалықтар ағынын мұқият қадағалауға, расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеуге шақырды. Министр әлеуметтік желі қолданушыларына да жазбалар мен пікірлерін заң талабына сай жазуды ұсынды.
«Статистикаға сүйенсек, 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Қазақстан интернет сегментінде анықталған заңға қайшы контент көлемі екі есе өсіп, 116 354 материалға жетті. Ең көп таралған заңбұзушылықтар қатарында – терроризмді, діни экстремизмді және есірткі құралдарын насихаттау, онлайн-казино мен қаржы пирамидаларын жарнамалау бар. Өткен жылы онлайн-платформаларда 78 539 заңға қайшы материал анықталып, оның 24,3%-ы жойылды», - деді Аида Балаева.
Еске салайық, бұған дейін Qaznews2024 паблигінің әкімшісі Темірлан Еңсебек 2 ай мерзімге қамауға алынғанын хабарлаған едік. Оған тағылған 174-бап тек араздық қоздыру ғана емес, сондай-ақ осы санатқа жататын материалдарды тарату бойынша да жауапкершілік жүктейді.