Қазақстандық компаниялар ЕО-ның 16-шы санкциялар пакетіне енуі мүмкін. Бұл туралы Еуропалық Одақтың санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О'Салливан айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Қазір біз жаңа 16-шы санкциялық пакетті дайындау үстіндеміз. Қазақстандық компаниялар да тізімге енгізілуі мүмкін, бірақ шешім әлі қабылданған жоқ. Сондықтан да, бұл тізімге тек санкцияларды бұзуға қатысы бар екенін дәлелдейтін айғақтар бар компаниялар ғана енгізілетінін тағы бір рет атап өткім келеді», – деді ЕО-ның санкциялар жөніндегі арнайы елшісі Дэвид О'Салливан.
Сонымен бірге, О'Салливан жалпы ЕО санкцияларды сақтау бойынша Қазақстанмен қарым-қатынаста байқалған қарқын мен динамикаға қанағаттанатынын айтты. Ол сондай-ақ ЕО Қазақстанның санкцияларға қосылмау ұстанымын толығымен құрметтейтінін атап өтті.
«Біз Қазақстанды санкцияларды қабылдауға мәжбүрлемейміз Біздің Қазақстан мен Ресейдің заңды сауда қатынастарын бұзуға ниетіміз жоқ. Бірақ бізді алаңдататыны – кейбір заңсыз бизнес өкілдері Қазақстанды санкцияларды айналып өтетін алаң ретінде пайдаланып, кейін осы өнімдер Ресей қарулары үшін қолданылатын ЕО-да өндірілген жоғары технологиялық тауарларды қайта сату мүмкіндігін көре алады. Яғни, біз санкциялық тізімге енген тауарлар мен өнімдер туралы айтып отырмыз», – деп түсіндірді ЕО-ның санкциялар жөніндегі арнайы елшісі.