Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» романы туралы ойтаным

6366
Adyrna.kz Telegram

Биссмиллаһир раһманир раһиим! Жазушы туындысын Алланы еске алумен бастаса, біз де ол жөніндегі зерттеуіміздің сөз басын солай бергенді жөн көрдік. Пендені тәубесіне келтіріп, шындық пен адамгершіліктің түптің түбінде ойсырата жеңерін дәлелдеген бұл кітапта жазылған оқиғалар желісі өмірде шынайы болғандығымен жүректен ұмытылмастай орын алады. 

Кітаптың жазылуы жөнінде берген сұхбаттарында автор: «1934-1935 жылдары басталған алғашқы көш жаудың қырғынына ұшырай отырып, 1941 жылы Үндістан жеріне жан сауғалап өтсе де, ауру тарап, адам өлімі тоқтамаған. Шекарадан санап өткізгенде 3039 адам болса, 1951 жылға келгенде 1400 адам ғана қалған. Көш барысында ілгері-кейінді болып кем дегенде алты мыңдай адам қырылған екен. Көш басшысы Елісхан 1943 жылы Пәкістанда аурудан қайтыс болады. Демек, Елісхан және оның елінің басындағы қанды қырғын 1932 жылдан басталып, 1943 жылы өлгенге дейін жалғасады. Қанша қаша көшсе де зұлымдық, ажал оны қуғанын қоймайды. Сондықтан да шығарманың атын «Қаралы көш» деп қоюды жөн көрдім. Ал 1951 жылғы Қалибек, Хамза, Солтаншәріп, Құсайын бастаған екінші көш осы көштің тарихи жалғасы болса да, оның хикаясы бөлек еді» - деп, аталу себебін ашып көрсетеді. [1, 211-б.]. Қырғынға ұшыраған қандастарымыздың аз болмағанын, онан соң да қасіреттің болғандығын аңғартады. Сонымен қатар, болған оқиға орын алған жерлерге арнайы сапары, жүздесіп дидарласқан адамдары, іздеген, оқыған кітаптары мен зерттеулері жөнінде мағлұмат беріп, бұл еңбектің жарнама үшін емес, тағдыр тәлкегіне түскен қандастардың рухына арнап жазғандығын баса көрсетеді. 

Алтай асып, Баркөлден басталған бұл қаралы көш Гансу, Чиңхай, Тибет, Үндістан, Пәкістан жерлерінен тұрақ таппай, аман қалған өр рухтыларымыз туыстас Түркия еліне қоныстанады. Романның алғашқы бетінен-ақ Әліптің өржүректілігімен қоса, Жин Шурынмен сөйлесу барысында ұлтына деген адалдығын аңғарамыз. Оның қазақтар жөніндегі: «Егерде қазақтар түгел атқа қонса, оларды тоқтату тіптен қиын» деген ойы түбінде нақ келіп, өздерінің қазақ ұлтының атын естігенде есі кете қалшылдай сандырақтағаны тарихқа аян екендігін автор сөз соңында жазып өтеді [2, 10-б.]. Әйткенмен, осы қаралы көштің басталуы қазақ халқының қайтпас қайсарлығын ұната бермес тасбауырлардың адам нанғысыз жасаған қанды қырғынынан басталған еді. Осыны сезген Әліп батыр бір сұмдықты бастағалы келген Чың Пишудың ойын ұғып, ақыл берер жанашыры Асқабылға: «Қанша дегенмен кәпір ғой. Сұрқы жаман. Менің басыммен кетсе қуанар едім. Зұлымдар сені де, ауылды да қырып сала ма деп қорқып тұрмын. Басқаны былай қойғанда, күнәсіз сәбилердің, шиеттей балалардың не жазығы бар?!», - деп жұрт қамын ойлап күңірене түседі [2, 25-б.]. Бұл қорқыныш расымен орын алып, сұм жау көздеген халықты қырғынға ұшыратты. Қазақ жұртының сайын даланы кезіп, пана іздеп босып кетуіне алғаш себеп болған осы оқиға еді. Қаралы көштің сан мәрте қайталанарын Әліптің ұлы Елісхан болжамақ түгілі, ойына да алмаған еді. Оның бар мақсаты – әке атын өшірмей, елін тек алға жетелеу болды. Оған дәлел ретінде Е.Кәпқызының «1938 жылы Алтайдан ауып, Гансу, Шынхай өлкелерін қонақтап, Тибет, Гималайды басып өтіп, Үндістан мен Пәкістанға аз тұрақтап, Түркияға жетіп, бүгінде Еуропаның 10 қаласында өмір сүріп жатыр. Шамамен, Түркия мен Еуропада 20 мыңдай қазақ бар» деген сөзі арқау бола алады [1, 361-б.]. 

Ар мен билік қатар тайталасып тұрған заманда адамгершілік құнын жоғалтпай, ерлік ісін таныта білген батырлардың өр мінездері арқасында қазақ жұртының өзгелерден әлдеқайда биік тұрғаны жалған емес. Ал сол азапты күндерде басының азаттығы үшін барын салып, қанын ұмытқан жағымпаздардың да бар екендігін тарих жоққа шығарған емес. Романды оқу үстінде А.Байтұрсынұлының «Көк есектерге» деген өлеңіндегі мына бір шумағы еріксіз ойыма орала берді:

 

«...Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

Маған ауыр осылардың бәрінен,

Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны...».

 

Талай қырғынның себепкері болған көреалмаушылық, іштарлықтың қанымызда барын тіпті сол кездегі Кеңес Одағының бас консулы Золоткин әскери биліктегі Шың Шысайға кезекті кездесуінде тәжірибе ретінде мақтана айтады: «Інім, қазақты тым жеңіл санама. Оларды күшпен алғаннан көрі алдап-арбап құрту керек. Ең бастысы – өзін-өзіне салу керек» [2, 56-б.]. Жалған дүниені тастап, мәңгілік өмірге аттанар шағында Елісханның шын жанашыры Зайып та өз сөзінде: «Дүние деген берекеге тоқтайды. Береке, бірлік болса бәрі болады. Біздің түбімізге жеткен де сол – берекесіздік. Баркөл елін қанқақсатып бәрімізді үркіткен Абай сұмды да Кеңес қызыл үкіметі кері қайтарып алып, өзгені аямаған оны да тас түрмеге тығыпты деп естідім. Алтайдағы төрт орынның бірінен шыққан Мәмидің тұқымы Әнуар да қытайдың сойылын соғып, көрінгенге әңгір таяқ ойнатып еді. Шың Шысай оның да түбіне жетіпті. Ағаң Адубай сенен қалай бөлініп кетті. Тумасам да туғандай санаған Қасым батыр да бір шүйкебас жесірді маған бере қоймадың деп Ма Буфаңның қолтығына кірді. Одан опа тапты ма, залым дүңген оны да жалғыз тал мырышпен жайратып салды. Сабырбайдың Құсманы мен Ілияз дүрбіге таласып ел екіге жарылып еді, не марқадам тапты? Мейірімхан мен Тұрды бір жаман мылтыққа таласып, бөліне көшкенде бөріге жем болды. Төрімнен көрім жуық жатып бәрін ғайбаттайын деп жатқам жоқ. Берекесіздіктен талай қазақ ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Осы жағын естеріңе алып, сабақ қылсын деп айтып жатырмын», - деп өмірден көргенін мысал етіп, Елісханға бірліктің аса бағалы екендігін ұғындырады [2, 308-б.]. Тарих беттеріндегі халқымыздың арын жоғары қояр азаматтармен қатар, олардың бұл ісін теріске шығарған сатқындардың да болғаны расымен жанды түршіктіреді. Тіпті, қазірдің өзінде бетіңе күле қарап, сыртынан теріс тон пішер танымал азаматтарымыздың бары сол күннің дәлелі іспеттес. Осыларға төтеп беріп, бұл мінезді қанымыздан түгелімен жояр болсақ, қазақ халқының дәрежесі мұнан да биік деңгейде тұрар ма еді, кім білсін?!

«Ағайыннан жат жақсы», - деп халқымыз бекерге айтпаған болар. Романда жазушы қаны бөлек кәпірлердің өзінің арасында да адамгершілікке бас ұрған жандардың барын ескереді. Оның бір дәлелі ретінде қазақтың Қаудан есімді жігітін өлім аузынан аман алып қалған моңғолдың Доржы деген азаматының ерлігі еді. Қазақ батырларының ерлігіне тәнті болған Доржы таңданысын да жасырмайды: «Өмірімдегі арманымның бірі – Оспан мен Елісханды көру еді. Елісхан батырды көрдім. Көз алдымда ерекше зор денелі, қартаң адам елестеуші еді,  – өзім шамалас жап-жас жігіт екен ғой. Біздің жауымыз біреу, ол – Гоминдаң үкіметі, ол – Шың Шысай жендет» - деп, бауырлықты сезіндіреді [2, 332-б.]. Бұл жөнінде де Елісхан: «...Міне, қарақтарым, жаман ұлт болмайды. Кәпірдің ішінде мұсылманнан артығы бар, мұсылманның ішінде кәпірге татымайтын талайы бар. Мәселе халықта емес, жақсы да, жаман да – сол халықтың ішіндегі аз ғана адамдар» деген сөзі арқылы қорытынды шығарады [2, 289-б.]. Жоғарыда келтірген мысалымыз да осының  дәлелі іспеттес. Кей кездері қандас бауырыңнан көрмеген жақсылықты өзге ұлттан, туғаныңнан көрмегенді жаттан сезінеріміз де рас. Осы сәтте Абай атамыздың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өлең жолдары ерексіз ойға оралады. Мұның өзі теріс пікір қалыптастырып үлгерер пендені тәубесіне келтірердей. 

Романда айқын көрсетіліп, жүрегің қан жылап, жаныңа батса да, ерлігіне жылап тұрып сүйсінер қазақ қыздары мен әйелдерінің кей ер азаматтарға бұйыра бермес қайсарлығы мен батылдығын үлгі етесің. Жұртты қырғынға ұшыратып қана қоймай, барын талап әкеткен қытай шеріктерінің қолына түскен Шәрбанның ары үшін тайталасып, тіпті кішкене баласын өзімен бірге өлім құрсауына алып кетуі, толық ес кірмеген Сетерханына өзінің қазақ екендігін, бауырларының кім екенін санасына құйып кетуінің өзі екінің бірінің қолынан келе бермес ерлік. Жау қолына түскен Алмаханның қашып шығуы, апалы-сіңілідей болып кеткен Елісханның әйелдері Зәйіп пен Бәтиманың тату өмір сүруі  шығармадағы –  әйел образының сәтті көрінісі. Ауру тақап, ажал аузында тұрған Зәйіп Бәтимаға: «Бәтима, қарағым. Сені сіңілімдей көріп едім. Өзіңнен тумаса да туғандай сана. Тіпті, ана ұлды бауырыңа салып, өз балаң етіп өсір. Менен туғанын білмей-ақ қойсын. Жалғыз тұяқ қой. Жетімдік көрмей өссін», - деп осыларды айтқан Зәйіп мәңгілік ұйқыға кетеді [2, 375-б.]. Туған баласының тағдырына алаңдаған ананың бұл сөзі жүректі елжіретері сөзсіз. Көп ұзамай, Зәйіптің өлімінен соң қызы Райханның, жары Елісханның, ұлы Әминоллаханның дүниеден озуы Бәтимаға да ауыр тиіп, өзін де бірге ала кетуін Алладан тілек етті. Қабыл болған тілек оның да жүрегін тоқтатқан еді. Қаралы көштің қайғысын үдете түскен бұл оқиға роман соңын тәмамдайды. 

Сөз соңында автор шындықтың түбінде жеңіс тауып, ерліктің мәңгілік өшпестігін айтып өтеді. Халықты зар еңіреткен Жаң Қайшы мен Шың Шысайды қарғыстың жібермей, азаппен көз жұмғандықтарын, Ма Буфаңның отбасымен бірге торғайдай тозып кеткендігінін, Шәрбанның ерлікпен аман сақтап қалған ұлы Сетерханның өз қандастарын есінен шығармастан тапқандығын, ал елі үшін еміренген батырлардың ел аузында мәңгілікке сақталып, аңыз қып айтар жыр болғандығын баяндап, Аллаға шүкіршілікпен аяқтайды. 

Қорытынды: Жазушы, ғалым Т.Бейісқұлов осы роман жөніндегі пікірінде Ж.Ахмадидің «Дүрбелең», «Шырғалаң» дилогиясы, «Айтұмар», «Тектілер тұғыры», Ж.Сәмитұлының «Сергелдең», Қ.Жұмаділовтың «Соңғы көш», Т.Рыскелдиевтің «Ұлы көш», Қ.Шабданның «Қылмыс» атты шығармаларын алсақ, әдебиетіміздің тоқырап барады дегенге сенудің қажеті жоқтығын айтады. Сонымен қатар, оларды өкшелеп келген Ж.Шәкенұлының осы романын оқи бастағанда-ақ жан-жүйесінің бұлқынып кеткендей күй кешкендігін айтады [3, 4-б.]. Расында, шығарма бастала салысыменен-ақ оқырманды өз жетегіне алып кетті дер болсақ, мұның құдіретінің бір ұшы жазушы шеберлігінде екендігін мойындауымыз қажет. 

Сөз саптау жүйесіне сай қолданылған мақал-мәтелдер, кезегінде оқиғаның мазмұнын ашар өлең шумақтары одан әрі қызықтыра түседі. Романды екі күн ішінде оқып біткен соң ой үстінде, мең-зең күйде жүргенімді жасыра алмаспын. Анасынан айырылған балалар, жарының жүзін көрместен о дүниеге аттанғанын көрген ерлер, қырғынға ұшыраған жұртын қимай зар илеген жұрттың үні, барлығы көз алдымда өтіп жатқандай. Осы ауыр азапты бастан өткеріп, тауы шағылмай жұртын жетелеген қаһармандардың өр мінезі әр қазақтың қанында. Мәңгілік жадында. Ешқашан өшпек емес.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Шәкенұлы Ж. Жалғыздың үні: Сын-зерттеу мақалалары мен сыр-сұхбаттар. – Алматы: Ақотау, 2010. – 424 б.
  2. Шәкенұлы Ж. Қаралы көш: тарихи роман. – Алматы: Тұран, 2010.–408 б.
  3. БейісқұловТ. «Көштің көрген азабы» // «Үшқоңыр» газеті. №16 (37), 4-б., 25 мамыр, 2011.

 

Жансая СМАН

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер