Олжас Бектенов Ресей бизнесін Қазақстандағы инвестициялық жобаларға шақырды

834
Adyrna.kz Telegram
Фото: aqorda.kz
Фото: aqorda.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Ресей Федерациясының үкімет басшысы Михаил Мишустинмен кездесу өткізіп, ресейлік компанияларды еліміздегі инвестициялық жобаларға белсенді атсалысуға шақырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.

Кездесу барысында Бектенов Қазақстан мен Ресей арасындағы инвестициялық серіктестіктің тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті.

"Соңғы 20 жылда ресейлік инвесторлар Қазақстан экономикасына 25,2 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция салды. Қазақстандық компаниялар да осы кезеңде Ресейге 8,7 миллиард доллар бағыттады. Өткен жылдың 9 айында ресейлік инвестициялардың жалпы ағыны 43,7%-ға артып, 2,8 миллиард долларды құрады", – деді Үкімет басшысы.

Қазақстанда қазіргі уақытта 23 мыңнан астам ресейлік үлесі бар компания жұмыс істейді. Бұл шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың 40%-ға жуығын құрайды.

Бектенов Қазақстанның жаңа өндірістер құруға мүдделі екенін, сондықтан ресейлік бизнес өкілдерін бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақыратынын айтты.

"Біз экономикалық ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасының оң нәтижелерін көріп отырмыз. Осыған байланысты тиісті мемлекеттік органдар келесі жылдарға арналған жаңартылған бағдарламаны әзірлеуге кірісуі қажет деп санаймыз", – деді Премьер-Министр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының 11 айда 24 миллиард доллардан асқаны хабарланған.

Пікірлер