Бүгін - ақын Кеңшілік Мырзабековтің өмірден өткен күні

819
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Бүгін, 30 қаңтар, көрнекті ақын, журналист Кеңшілік Мырзабековтің өмірден өткеніне 36 жыл толды.

Кеңшілік Ағытайұлы Мырзабеков 1946 жылы Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Жәнібек Тархан ауылында дүниеге келген. Ол ҚазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдап, ұзақ жылдар бойы республикалық басылымдарда қызмет етті. Оның “Іңкәр дүние” (1972), “Сәруар” (1980), “Қасиетті қас-қағым” (1985), “Дәуір – дастан” (1988) сынды жыр жинақтары оқырман жүрегінен орын алды. Ақын поэзиясында туған жерге деген сүйіспеншілік, өмірге іңкәрлік, терең философиялық ойлар мен азаматтық көзқарас ерекше көрініс тапты.

Бүгінде ақынның мұрасын жалғап, шығармашылығын насихаттап жүрген ұлы Амангелді Кеңшілікұлы әкесіне деген сағынышын Facebook парақшасында жеткізді.

“Әке! Екеуміздің де жерде жүргеніміз күні кеше ғана еді ғой. Жалған дүние-ай! Сенің бұл беймаза тіршілікпен мәңгі қош айтысып кеткеніңе жыл артынан жыл өтсе де, сен мен үшін әлі тірісің…” - деп жазба жариялады.

Кеңшілік Мырзабеков ақындық жолында тек өз шығармаларымен шектелмей, Евгений Евтушенконың “Менің шешем және нейтрон бомбасы” және “Фуку” атты поэмаларын қазақ тіліне аударған. Сонымен қатар, оның публицистикалық еңбектері мен әдебиетке арналған зерттеулері де жоғары бағаланды.

2006 жылы Алматы қаласындағы көшелердің біріне Кеңшілік Мырзабековтің есімі берілді. Бұл – оның шығармашылығы мен қазақ әдебиетіне қосқан үлесінің мойындалуының бір көрінісі.

Пікірлер