Дархан Ахмед-Заки М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұған дейін ол Қазақстанның Ғылым және жоғары білім вице-министрі қызметін атқарған болатын. Осы қызметке 2023 жылдың қыркүйек айында тағайындалған еді.
Дархан Ахмед-Заки 1981 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін және Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік Техникалық университетін бітірген.
Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласындағы Республикалық медицина колледжінде физика және математика пәндерінің оқытушысы болып бастаған. 2003 жылы Жаңаөзен қаласында «Қазақойл» ЖАҚ технологиялық зерттеулер орталығында инженер-бағдарламашы болып қызмет еткен.
2004-2012 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінде ассистент, оқытушы, аға оқытушы, доцент және деканның оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 2012-2013 жылдары факультет деканы болып қызмет етті. Ал 2013-2016 жылдары ҚазҰУ оқу ісі жөніндегі проректоры қызметінде болды.
2016-2017 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры болды. 2017-2020 жылдары Халықаралық бизнес университетінің президенті, 2020-2022 жылдары Astana IT University ректоры болды. 2022 жылдан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы қызметін атқарды.