Қазақстанның тұрақты дамуы. Тоқаевтың стратегиялық тапсырмалары

790
Adyrna.kz Telegram
фото: Ақорда баспасөзінен
фото: Ақорда баспасөзінен

Қаңтардың 28-і күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты.

Отырыста маңызды мәселелер талқыланып, еліміздің даму бағытын айқындайтын нақты тапсырмалар берілді. Мемлекет басшысы экономикалық тұрақтылық, инвестиция тарту және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайды жақсарту, халықтың әл-ауқатын арттыру және алдағы сын-қатерлерге дайын болу қажеттілігі айтылды.

Президент өз сөзінде Қазақстанның жаһандық экономикадағы орнын нығайту үшін технологиялық даму мен цифрландырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау, жасанды интеллектті енгізу және энергетика саласын жаңғыртуға байланысты бірқатар тапсырмалар берілді.

Отырыстың басты мақсаты – елдің болашағына бағытталған стратегиялық қадамдарды айқындау және нақты нәтиже көрсететін тиімді жұмыстарды ұйымдастыру. Мемлекет басшысы үкіметтен барлық тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын талап етті.

«Мен бүгін Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап бердім. Бұл – ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелері. Экономикамыз дамып жатыр. Бірақ оның қарқыны ойдағыдай емес. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Оны алдағы бес жылда орындауымыз керек. Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз. Бүгін біз еліміздің 2024 жылғы даму нәтижесін қарадық. Қордаланған мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындадық. Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажет. Сөз соңында тағы да атап өткім келеді: бізге нақты нәтиже керек. Нәтиже болса ғана даму болады», - деді Президент.

Соңғы уақытта әлемде саяси және экономикалық жағдайлар күрделеніп келеді. Технологиялар қарқынды дамып, жаһандық сын-қатерлер мен бәсекелестік күшеюде. Осындай қиын кезеңде еліміздің тұрақтылығын сақтау, әрі болашағымызды жарқын ету үшін мемлекет басшылығы тарапынан маңызды шешімдер қабылдануда.

Бүгінгі таңда Қазақстанның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – экономикалық тұрақтылық пен даму жолын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, халықаралық аренада өз орнымызды нығайтып, елімізді жаңа деңгейге көтеру қажеттілігі айқын көрінеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты және маңызды мәлімдемелер жасады. Біріншіден, мемлекет басшысының бірінші орынға қойып отырғаны – экономика. Себебі 2025 жылдан бастап технологиялық өзгерістер мен экономикалық алып күштердің арасындағы шиеленістер арта түсуде. Мұндай кезеңде үкімет артық шығындарды қысқартып, үнемдеу саясатына көшуі қажет. Екіншіден, алдағы сын-қатерлерге және дағдарыстарға дайын болу маңызды. Сондықтан мемлекет басшысының бұл жолы көтерген мәселелері өте орынды деп санаймын. Екінші маңызды мәселе – экономикадан бөлек инвестиция тарту. Біз соңғы екі жылда өзімізді әлемдік саясатта орта держава ретінде көрсетіп келеміз. Енді бұл мәртебені тек сөзбен емес, іспен дәлелдеу қажет. Орта держава мәртебесін сақтау үшін экономикалық және технологиялық тұрғыдан бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Менің ойымша, мемлекет басшысы қажетті деңгейде нақты тапсырмалар берді. Ендігі кезекте үкімет кабинеті бұл сындар мен ескертпелерді конструктивті түрде есепке алып, нақты жұмысқа кірісуі тиіс деп ойлаймын»,- дейді қазақстандық саясаттанушы Нұрболат Нышанбай.

2025 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан үкіметінің отырысында жанар-жағармай материалдарының (ЖЖМ) қымбаттауы мәселесі қаралды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЖЖМ бағасының тұрақсыздығы ел экономикасына кері әсер ететінін атап өтті.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бағаның өсуіне бірнеше фактор себеп болған: өндіріс шығындарының артуы, инфрақұрылымның тозуы және әлемдік нарықтағы шикізат бағасының қымбаттауы. Сонымен қатар, Қазақстанның ішкі нарығында ЖЖМ-ға сұраныстың өсуі де жағдайды қиындатқан.

Үкімет жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру үшін бірқатар шараларды қолға алуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, өндірушілерді субсидиялау, отын өндірісін жаңғырту және импортқа тәуелділікті азайту мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшысы отын бағасының өсуі халықтың әлеуметтік жағдайына ауыртпалық түсірмеуі тиіс екенін ерекше атап өтті. Бұл мәселені шешу үшін үкіметке нақты тапсырмалар берілді.

Қазіргі таңда Қазақстанда газ отынын пайдалану көлемі артып келеді. Бұл үрдіс халықтың тұрмыс деңгейіне, экономикалық жағдайына және отынның қолжетімділігіне байланысты қалыптасуда. Алайда, газ отынының бағасы мен оны субсидиялау саясаты ел экономикасына айтарлықтай әсер етуде. Осыған байланысты қоғамда бұл мәселе бойынша әртүрлі пікірлер туындап отыр.

«Қазақстанда газ отынын пайдаланушылардың саны жылдан жылға артып келеді, және бұл бірнеше себепке байланысты. Біріншіден, әлеуметтік жағдай басты рөл атқарады. Қазіргі кезде халық үнемдеуге бейімделген, ал газ ең үнемді отын түрлерінің бірі болғандықтан, көптеген адамдар көліктерін газға ауыстыруда. Сонымен қатар, газдың бағасы үкіметтің субсидиялау саясатының арқасында нарықтағы басқа отын түрлерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Дегенмен, бұл жағдайдың өз қиындықтары бар. Биыл бюджет тапшылығы екі триллион теңгеге жетіп, одан әрі ұлғаюы мүмкін. Осыған байланысты халық арасында түрлі пікірлер айтылуда. Кейбіреулер газ жер қойнауы байлығы болғандықтан, ол тегін болуы керек деген ұсыныстар айтуда. Алайда, мұндай пікірлер газды өндіру мен өңдеудің қомақты шығындарын ескермейді. Ресми мәліметтерге сәйкес, газды өңдеу шығындары оның сатылым бағасынан асып кетіп отыр. Бұл жағдайдан қарапайым халық төмен бағаның пайдасын көріп жатқанымен, мемлекетке айтарлықтай қаржылық ауыртпалық түсуде»,- дейді саясаттанушы Жандос Уәлихан.

Саясаттанушының айтуынша, Қазақстанда ұзақ жылдар бойы кейбір салалардағы бағаны жасанды түрде ұстап тұру тәжірибесі қолданылып келеді. Бұл халық үшін қолайлы көрінгенімен, инфрақұрылымның тозуына және саланың дамуына елеулі зиян келтіреді. Қызметтердің сапасын арттыру, жаңғырту және инновация енгізу үшін қажетті қаражаттың жетіспеуі жағдайды одан әрі қиындатады.

«Әрине, бағаны жасанды түрде ұстап тұру кез келген саланың дамуына кері әсерін тигізеді. Мысалы, біздің елде коммуналдық қызметтердің бағасы ұзақ жылдар бойы мемлекет тарапынан тұрақтандырылып келді. Бұл жағдай жылу-электр орталықтарының дер кезінде жөндеу жұмыстарынан өтпеуіне, жер астындағы құбырлардың уақытында ауыстырылмауына әкеліп соқты. Бағаны уақтылы реттемеу саланың тоқырауына, алға жылжуына кедергі келтіріп, тіпті құлдырауына себеп болады деуге болады. Өйткені кез келген жаңғырту, инновация немесе қайта индустрияландыру айтарлықтай қаржылық шығынды талап ететіні анық»,- дейді маман.

Қазақстанның қазіргі экономикалық және әлеуметтік жағдайы ел басшылығының шешім қабылдауындағы стратегиялық ойлауын талап етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, инвестиция тарту және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша тапсырмалары – елдің дамуындағы басты қадамдар.

Жанар-жағармай және газ отынының бағасы мәселелері халықтың өмір сапасы мен ел экономикасына айтарлықтай әсер етеді. Осы мәселелерді шешу үшін нарықтық реттеу, субсидиялау механизмдерін оңтайландыру және инфрақұрылымды жаңғырту маңызды болып табылады.

Ұзақ мерзімді тұрақтылық пен даму үшін үкіметке экономикадағы шығындарды азайту, инновацияларды енгізу және әлеуметтік әділеттілікті сақтау сияқты ауқымды міндеттерді шешу қажет. Тек халық пен мемлекеттің мүддесін тең дәрежеде үйлестіре отырып, Қазақстан алға қойылған мақсаттарға қол жеткізе алады.

Мамандардың айтуынша, мемлекеттің келешегі осы қабылданған шешімдер мен жүзеге асырылатын реформалардың тиімділігіне байланысты. Нақты нәтиже көрсетіп, халықтың әл-ауқатын жақсарту – ел басшылығының басты міндеті.

Гүлмира Сыздыққызы

Пікірлер