Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі Америка Құрама Штаттарында көші-қон саясатының қатаңдауы мен ел шекарасын қорғау және заңсыз миграцияны азайтуға бағытталған шараларға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Ел билігі миграциялық саясатты барынша қатаңдатты. Қолға алған шаралар АҚШ-қа заңсыз келген шетелдіктерге және мигранттарға қатысты болып отыр. Қамауға алу және елден шығару сынды мәжбүрлеу шараларымен қатар, АҚШ-қа қайта кіруге шектеулер енгізіліп, сондай-ақ әлеуметтік көмек, жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді жою қарастырылуда», – делінген хабарламада.
Елшілік AҚШ аумағында жүрген қазақстандықтарға билік талаптарын қатаң сақтау керектігін атап өтті. Айтуларынша, АҚШ заңсыз негізде жүрген шетелдіктерге елден өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отыр.
«Бұл шара Қазақстан азаматтарының депортацияға ұшырау қаупін азайтуға және оның салдарынан болашақта АҚШ визасына өтініш бергенде ел аумағына кіруге тыйым салынуынан сақтануға көмектеседі»,—делінген хабарламада.
Бұдан бөлек тағы бірнеше өзгеріс енгізілді:
«Мексикада қалыңыз» саясаты қайта енгізілді: AҚШ пен Мексика шекарасын заңсыз кесіп өткен және АҚШ-тан баспана сұраған мигранттар сот шешімін күткенше, Мексика аумағында қалуға міндеттеледі.
«Ұста және босат» бағдарламасының күші жойылды: бұдан былай шекарада ұсталған мигранттар сот шешімін күтпей, АҚШ аумағынан босатылмайды. Олар арнайы орталықтарда ұсталады, өз еліне қайтарылып немесе үшінші елдерге жіберіледі.
CBP One қосымшасын қолдану тоқтатылды: бұрын бұл қосымша шетелдіктерге шартты түрде елге кіру үшін қолданылатын, бірақ енді бұл мүмкіндік жойылды.