Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалына жаңа басшы тағайындалды. Белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлы филиал төрағасы қызметіне кірісті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Жаңа басшыны елордалық ақын-жазушыларға Жазушылар одағының (ЖО) басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ресми түрде таныстырды.
"Бұл қызметке тағайындауды Одақ Төрағасы өзі ұсынып, Басқарма Хатшылығы бекітетіндігін айтты. Сонымен қатар, Бауыржан Бабажанұлының директорлық және хатшылық куәліктері жақын арада табысталатынын тілге тиек етті.
Содан кейін Мереке Құлкенов Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлына Сенім хатын табыстап, Астана қаласындағы Жазушылар одағының бұрынғы өкілі Дәулеткерей Кәпұлына атқарған жұмыстарына алғыс білдіріп, жаңа қызметіне табыс тіледі", - делінген Жазушылар одағы таратқан мәліметте.
Сондай-ақ, шара барысында одақ төрағасы астаналық танымал жазушылар Мәди Айымбетов, Асқар Алтай және Әділбек Ыбырайымды "Қазақстанның құрметті жазушысы" медалімен марапаттады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан Жазушылар одағының құрамында 1030-дан астам мүше бар. Оның ішінде 180-нен астамы елордада тұрады.