Боранның салдары. Жамбыл және ШҚО аймақтарында жол қозғалысы шектелді

935
Adyrna.kz Telegram

Елімізде ауа райының қолайсыз жағдайына байланысты бірнеше аймақта жол қозғалысы шектелді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Жамбыл облысындағы қозғалыс шектеулі аймақтарда шамамен 2 мыңға жуық көлік жолда тұрып қалған.

Аймақтың полиция департаментінің айтуынша, 1385 жүк көлігі мен 25 автобус жолда қалған. Патрульдік полицейлер жүргізушілер мен жолаушыларды жылыту орындарына орналастырған. Жолда қалған адамдар жылыту орындарында демалып, ауа-райының тұрақталғанын күте алады. Сонымен қатар жүргізушілер ыстық шаймен қамтамасыз етілуде. Қар құрсауында қалған көлік жолаушылары автобуспен, полицияның қадағалауымен, теміржол вокзалына жеткізіліп, үйлеріне жіберіледі.

Шығыс Қазақстан облысында да жол қозғалысы қиындап,  100-ден астам көлік қар құрсауында қалған. Жылдамдығы секундына 30 метрге жететін қатты жел мен боран соғып, көріну деңгейі нөлге дейін төмендеп, қардың қалыңдығынан қозғалыс шектелген. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, жүргізушілер мен жолаушыларды қауіпсіз аймақтарға эвакуациялады. Зардап шеккендер жоқ.

Сағат 17:30-дан бастап «Өскемен – Горная Ульбинка – Северное» облыстық жолының учаскесі (30-60 км, Зоя Космодемьянская атындағы балалар лагері) жабылды.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерді ауа райының қолайсыздығында жолға шықпауға және көліктің техникалық жағдайын тексеруге шақырады.

Пікірлер