Дональд Трамп президенттік қызметіне кіріскеннен кейін бірден бірқатар маңызды жарлықтарға қол қойды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Reuters мәліметінше, олардың бірі автокөлік өнеркәсібін дамыту стратегиясына қатысты. Президент Трамп бұрынғы президент Джо Байденнің электромобильдерге көшу жоспарын ресми түрде тоқтатып, қуаттау станцияларына бөлінген субсидияларды қысқартты.
2021 жылы Джо Байденнің қабылдаған «2030 жылға қарай электрлі көлік саудасының үлесін 50%-ға жеткізу» туралы қаулысының күші жойылды. Бұл шешім федералдық агенттіктерге жаңа қуаттау станцияларын салуға бөлінген 5-7.5 миллиард долларды пайдалануға тыйым салуды көздейді.
Сонымен қатар, Трамп әкімшілігі электромобильдерге берілетін 7,500 доллар көлеміндегі жеңілдіктерді алып тастау және экологиялық стандарттарды жеңілдету туралы ұсыныстарды қарастыруда. Президент бұл шараларды «отандық өндірушілерді қорғау» және «электромобильдерді нарыққа мәжбүрлі түрде енгізудің дұрыс еместігін» дәлелдеп, 2019 жылғы стандарттарға қайта оралуды жөн көрді.
Трамп Мексика мен Канададан импортталатын автокөліктерге 25% баж салығын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл шешім әсіресе Volkswagen сияқты компанияларға қиындық тудырады. Неміс автоконцерні бұл жаңа салықтардың бизнесті тиімсіз ететінін айтып, алаңдаушылық білдірді. Неміс автоөндірушілер қауымдастығы (VDA) жаңа баж салығы көліктердің бағасының өсуіне және инфляцияның артуына алып келетінін мәлімдеді.
Сонымен бірге, Stellantis концерні басшысы Джон Элканн бұл мәселелер бойынша президентпен бірнеше рет кездесу өткізгені туралы бейресми ақпарат тарады. Stellantis саудасының 40%-ы АҚШ-қа импортталатын көліктерден құралады.
Жаңа шаралардың салдарынан Volkswagen электромобильдерін жаһандық нарыққа шығару жоспарларын кейінге қалдырды. Land Rover да электрлі Defender өндірісін кейінге қалдырғанын мәлімдеді. Сарапшылар бұл жағдайды жаңа платформалардың техникалық мүмкіндіктерінің шектеулігімен түсіндірді.