Мақсат Толықбай: Мал ұрлығына тоқтау салу қажет

900
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты мақсат толықбайұлы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданындағы мал ұрлығын назарға ала отырып, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан  Саденовке депутаттық сауал жолдады. 

Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай ауданының тұрғындары мал ұрлығының салдарынан қиын жағдайға тап болған. Депутат ауыл халқының Президенттен көмек сұрауға мәжбүр болған әлеуметтік желіге шыққан видеоүндеулерін алға тартып, өзіне де он шақты адамның осы мәселе бойынша хабарласқанын айтты.

"Катонқарағайға қарасты Шыңғыстайдың шырқын осы ұрылар бұзып бітірді. Алақандай ауыл халқына ұры-қарының қорлығы әбден өткен. Төзімдері таусылып, сенімдері сетінеген ел енді бар үміттерін ел басшылығына артып, яғни Президенттен көмек сұрап отыр. Өйткені қой қоралап, ірі-қара табындап, жылқысы үйір-үйірімен жоғалып жатқан соң қайтсін?! Полиция дегеннен әбден күдер үзген. Осы күнге дейін қаншама малы қолды болып, ұрланса да, полиция бірде-бір «тышқақ лақтың» сайдан санын, құмнан ізін таппаған. Бұл нені көрсетеді?! Не іздеуге құлықсыз немесе ұры мен полиция ауыз жаласып, ымыралысып, ынтымақта жұмыс істейді. Ақиқаты осы" - деді Мақсат Толықбай.

Тұрғындардың айтуынша, полиция мен ұрылар арасында сыбайласқан болуы мүмкін.  Ауыл тұрғындары облыстық және аудандық ішкі істер органдарына бірнеше рет арызданған, бірақ бұл шағымдар жауапсыз қалуда.

"Қылмыстық кодекс бойынша бұл орташа ауыр қылмыс. Аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлағандар 7 жылдан 12 жылға дейiнгi сотталады»,-деп халықты сендіргіміз келеді. Тіпті, мал ұрлығы азайып келеді деп бізді де ішкі істер органдары сендіргілері келеді. Ал іс жүзінде бәрі керісінше" - деді ол.

Мақсат Толықбай министрлікке бұл мәселеге арнайы назар аударуды және Қатонқарағай ауданында рейд өткізіп, мал ұрлығын тоқтату бойынша кешенді шаралар қабылдауды сұрады.

Пікірлер