Қазақстандық "Higgsfield AI" жасанды интеллект компаниясы Google нұсқасы бойынша әлемдегі үздік 25 стартап қатарына кірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BAQ.KZ - ке сілтеме жасап.
"Higgsfield AI" компаниясының негізгі мақсаты — озық технологияларды әзірлеп, Қазақстанның жаһандық экономикадағы позицияларын нығайту.
"Higgsfield AI" командасында 22 жоғары білікті AI-инженер еңбек етеді. Олардың арасында халықаралық физика және математика олимпиадаларының 6 жеңімпазы бар. Ерекше атап өтерлігі, әдетте осындай мамандар шетелге кетіп жатса, бұл команда Қазақстан игілігі үшін жұмыс істеуді таңдаған.
Компанияның суперкомпьютері 512 GPU NVIDIA процессорымен жабдықталған және 9 петабайт көлеміндегі деректер жиынтығында нейрожелілерді оқытады. 9 ай ішінде компания екі жаңа өнім әзірлеп, олар халықаралық деңгейде мойындалды. Бұл "Higgsfield AI"-ге Google нұсқасы бойынша әлемдегі үздік 25 стартап қатарына енуге мүмкіндік берді.
Компания әзірлеген екі негізгі өнім бар. Біріншісі - мобильді контент студиясы. Ол - бейне және мәтіндер жасау процесін жеңілдетуге арналған құрал. Екіншісі, Diffuse қосымшасы — мәтінді бейнеге айналдыруға мүмкіндік беретін арнайы модель. Diffuse көмегімен бейнелерді нөлден бастап жасауға немесе селфи негізінде бейнебаян құрастыруға болады.
Бұл өнімдер Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетін дәлелдейді. Қазіргі уақытта компанияның өнімдерін 2 миллионнан астам қолданушы пайдаланып отыр.
"Higgsfield AI" компаниясы AI-ұйымдардың әлемдік рейтингінде топ-185 қатарына енді. Компанияның бас директоры Ерзат Дулаттың айтуынша, Қазақстан жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін пайдаланып, оны әлемдік экономикаға қосқан үлесіне айналдыруы тиіс.
"Жапония мен Корея XX ғасырдағы технологиялық инновацияларда өз орнын тапқандай, Қазақстан да жасанды интеллект арқылы өз орнын айқындауы керек", — дейді Ерзат Дулат.