Әбілқайыр Сқақов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы қызметінен кетті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Қордың баспасөз қызметі бұл ақпаратты растап, оның қызметтен өз еркімен кету шешімі туралы мәлімдеді.
Әбілқайыр Сқақов 1974 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Ол экономика және қаржы, құқық, сондай-ақ бизнесті басқару магистрі мамандықтары бойынша үш жоғары білімге ие.
Сқақовтың еңбек жолы 1995 жылы басталған. Ол Павлодар және Қостанай облыстарында салық органдарында жұмыс істеген, 2012-2016 жылдары Қаржы министрлігі жүйесінде әртүрлі лауазымдарды атқарған. Кейін Қорғаныс министрлігінің вице-министрі, Қаржы мониторингі комитетінің басшысы, сондай-ақ 2020-2022 жылдары Павлодар облысының әкімі болып қызмет етті.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы қызметіне Әбілқайыр Сқақов 2023 жылдың қыркүйек айында тағайындалған болатын. Қызметінен кеткені туралы нақты себептер айтылмаған.