«Тұранның тағдыры бар толқымалы...» Мағжан жырлаған өлкенің өрісі қай жерде?

2042
Adyrna.kz Telegram

Соңғы кездері ақпарат айдынынан әртүрлі қырынан танылып жүрген ресейлік тарихшы Виктор Козодой таяуда бір даудың шетін шығарған. Осыған байланысты қазақстандық ирантанушы ғалым Ислам Жеменейдің пікірін біліп, мәселенің мәнісін анықтауға тырыстық.

Ресейлік тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Козодой өзінің Facebook парақшасында «Ұлы Тұран» ұйымның белсенділері тарапынан желіде ақпараттық шабуылға ұшырағанын, сондықтан әдебиеттерді зерттегенін айтты. 

«Өзім үшін үлкен таңданыспен әдебиеттен «Тұран» терминінің тарихи түп-тамыры түркілерге емес, парсы тайпаларына қатысты екенін білдім», - деп жазды ол.

Осыған байланысты Фараби университеті шығыстану факультетіндегі «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, ирантанушы Ислам Жеменеймен сұхбаттасып көрдік.

 - Тұран деген қай жер?  

 - Қытайдағы Ұлы Қытай қорғанынан бастап, Кавказға дейін Тұран елі болған. Бұларды Қытайлықтар әр заманда түрлі тәсілдермен ысырып отырған. Орталық Азия, түркілер тұратын территория Тұран жері болып есептеледі. Қазір Орталық Азия деп отырғанымыз – бұрынғы Түркістан. Алаш қайраткерлері, нақты айтқанда Мағжан Жұмабаев «Түркістан» поэмасын не үшін жазды? Яғни, осы арқылы келесі ұрпаққа тарихымыздан мәлімет берді. Қазақ хандығынан бұрын да біздің тарихымыз бар екенін айтқысы келді. 

Тұран территориясы 6 миллионнан астам шаршы метрді құрайды. Соның 40 пайызы – Қазақстанның жері. Ежелде «Тұран» деп аталған аймақта түрік халықтары өмір сүрген. Түрік халықтары дегеніміз – тілі бір, ділі бір, салт дәстүрі бір халықтар. Барлық араб, парсы, түркі тілдеріндегі тарихнамаларда қазіргі түркілер тұратын территорияны «Тұран» дейді. 

Иран мен Тұран өлкелері кейде тату, кейде қату болса да, ешқашан мәдени және сауда байланыстарын тоқтатпаған. Тұрандықтар 751 жылдан кейін исламды еркін қабылдай бастады, содан бастап араб тарихшылары Тұран өлкесін «Түркістан» деп жазып, хатқа түсірді. Кейін 20 ғасырда «Түркістан» атауын тарихи жадтан жойып жіберу үшін «Орталық Азия» деп атады. Осылайша үш кезеңде түркі елі осылай аталып кетті. Қазір Түркия оқулықтарына «Орталық Азия» деп емес, «Түркістан» деп бұрынғы атауын жазбақшы.

Қыпшақтар құл ретінде барып Мысырда патшалық құрғанымен, бәрі арабтанып кетті. Иранға барған түрік тайпалары ғазнауи, селжұқ, хорезм, жалайыр бәрі парсыланып кетті. Дәл осы тұрғыдан алғанда болса, сол ел жат жерден келген топтарды өз мәдениетімен өзіне қосып алады деген тұжырым бар. Парсының тілі мен мәдениеті туралы да осыны айтуға болады. Мәселен, арабтар, гректер, моңғолдар Иранды жаулап алды. Бірақ бәрін парсыландырып жіберді. Сол сияқты қазіргі Орталық Азия, орта ғасырдағы Түркістан, ежелгі Тұран жері де өзіне келген өзге топтарды жұтып, түркілендіріп жіберіп отырған. Бұл – табиғи үрдіс. 

Дүниежүзінде 48 мәдениеттен қазір 6-7 ғана мәдениет қалды. Соның бірі – түркілер. Шынайы ғалымдар түркілердің тазалығын мақтайды. Мәселен, түркілер соғыста тек әскерлермен шайқасады, бала-шаға, әйелді өлтірмейді. Түркілер ылғи соғыста жүрген. Олар жаумен соғысады, я болмаса, өз-өзімен соғысады.  

 - Ирандықтардың бұл туралы ойы қандай?

 - Иранда ешкім мұндайды айтпайды. Фирдоусидің «Шахнама» шығармасында Иранның ежелгі Ферейдун деген патшасы болғаны жазылған. Оның үш ұлы болған: Ираж, Сәлам, Түр. Иражға қазіргі Иран жерін берген, Сәләмға араб жерін, ал Түрға Тұран жерін бергені айтылады. Осы аңызға қарасақ үшеуінің атасы бір. Тұранды түркілердің жері емес деп жоққа шығармайды. Бірақ, олар сақтар біздің арийлықтардан дейді. Оның маңызы жоқ, өйткені олар арий болған күннің өзінде де түркіленіп кетті. Ирандықтар бауырлас ел ретінде қарайды. Үшеуі бір патшаның баласы дейді. Мәселен Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек және Өзбекстанның негізін салған Шайбани бір атаның балалары ғой. Қазір екі мемлекет болып отыр. Өзбектер біздің жер демейді, бізде олай айтпаймыз. Бұл да сол сияқты. Иран Тұран жерін түркінікі емес деп ешқашан айтпайды, мойындайды. Біз де Иранды, парсы мемлекетін мойындаймыз.

 - Виктор Козодойдың айтқанына қатысты ойыңызды білдірсеңіз.

 - Бұл – жаңа бір дау, бүйректен сирақ шығару. Ең бірінші біз бейбітшілікті, достықты, бауыр болуды ойлауымыз керек. Осындай козодойлар әдейі дау қозғап, елдердің арасындағы достықты жоюға әрекет еткісі келеді. Бұның ешқандай мәні жоқ. Еш деректе бұлай жазылмаған. 

 - 1991 жылы пысықталған түркі тілдес мемлекеттердің барлығында бірыңғай әліпби енгізу идеясы 2024 жылы Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 11-ші саммитінде қайта айтылды. Осыған қалай қарайсыз?

 - Өте жақсы қараймын. Түріктер мысалға «қ» әрпінен айырылды. Біз дыбыстарды жоғалтпауымыз керек. Ал мына жаңа әліпбиде барлық әріп бар. Мұнда барлығына мүмкіндік жасалған. Қазақстан, Өзбекстан әзірге үнсіз отыр. Тек қана Түркия мен Әзербайжан бекітті. Бұған көшсек, бәріміз бір-бірімізді түсініп отырамыз. Түріктілдес халықтар бір таңбаға, бір әліпбиге көшсе деген ниетім бар. Бірақ, соңғы нүктені тіл мамандары қою керек. Қазір көшелерді қарасаңыз сыртқы жарнаманы латын әліпбиін әркім әр түрлі жазған, оқи алмайсың. Біртіндеп юұл да ретке келер. Себебі орыс тілінен құтыламыз. Санамыз бұғаудан, тәуелділіктен шығады. 

 - Сұхбатыңызға рақмет!

 

Мерей Мырзағалиқызы

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер