Қазақстан футболына бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалған

159
Adyrna.kz Telegram
Фото: dknews.kz
Фото: dknews.kz

Қазақстандағы футбол және хоккей клубтарына бөлінген қаржы тиімсіз пайдаланылған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Соңғы алты жылда қазақстандық 18 футбол клубына мемлекеттік бюджеттен 200 миллиардтан астам қаражат бөлінген. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді.

Агенттік төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов мәжіліс кулуарында спортқа бөлінген қаражаттың басым бөлігі шетелдік легионерлердің жалақыларына және тиімсіз шығындарға жұмсалғанын айтты.

“200 миллиард теңгеден аса қаржының негізгі бөлігі шетелдік спортшыларға жалақы төлеуге кетіп, спорттық инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөлінбеген. Соңғы алты жылда бар болғаны екі жаңа стадион салынды, ал көп клубтардың инфрақұрылымы мүлде нашар жағдайда”, – деді Сарқұлов.

Атап айтқанда, “Астана” футбол клубына 50 миллиард теңге бөлінгенімен, клубтың жеке базасы жоқ. Сонымен қатар, қаржының 60-70%-ы бірнеше маусым ғана ойнаған легионерлердің жалақысына кеткені белгілі болды.

Осыған ұқсас жағдай “Барыс” хоккей клубында да байқалған. Алты жыл ішінде клубқа шамамен 49 миллиард теңге бөлінген, оның көп бөлігі шетелдік ойыншылардың жалақысына жұмсалған. Алайда клубтың соңғы жылдардағы нәтижелері бөлінген қаржыға сәйкес келмейді.

“Бұл қаражатты спорттық инфрақұрылымды жақсартуға немесе балалар мен жастар спортын дамытуға жұмсаған әлдеқайда тиімді болар еді. Болашақта кәсіби спортшылар дәл осы жас ұрпақ арасынан шығатыны белгілі”, – деп толықтырды Сарқұлов.

Сонымен бірге, агенттік Мәдениет және спорт министрлігіне спортқа бөлінетін қаражатты ұтымды пайдалану бойынша ұсыныстар бергенін хабарлады.

Пікірлер