«Алас, алас, алас,
Пәле-жаладан қалас,
Көздінің көзіне,
Тілдінің тіліне,
Жақсылығы да өзіне,
Жамандығы да өзіне,
Сұғынған тілден сақта,
Сұқтанған көзден сақта,
Алас, алас, алас»… Сөз танып, сан айырмаған кезімізден аналарымыздың осы дұғасы, осы тілегі таныс. Қазақтың танымында әр аурудың өз иесі болады. Балаға көз тисе, я сөз тисе, ата-ана сол көз бен сөздің иесін тауып, соның ұлтарағының, шұлығының немесе тұтынатын бір затының бір бөлігін байқатпай кесіп алып, соны тұтатып дерттенген балаға иіскетіп жатады. Жер ұшық, су ұшық, батқан күнге, атқан таңға сәлем салдырып, сумен, күлмен, желмен кетсін деп ырымын жасайды. Көзігуді, тілігуді қалыпты медицина емес, халықтық наным-сенімдегі ем-доммен жазады. Көз балаға ғана емес, ересек адамға да, жүйрік тұлпар, алғыр құсқа да, затқа да, жақсы басталған іске де, жайқалып өскен ағашқа да тиеді деп біледі. Қазақ баласының атын Итбай қойса, маңдайына қара күйе жақса, әдемі киіндірмесе, есі кіргенге дейін көзге көп түсіре бермесе осының бәрі сол көз бен сөзден сақтағаны. Жаңа түскен келінді көзге көрсетпей, орамалмен жүзін жаудырып, сәлем салғызғаны да сол. Қадыр Мырза Әлі ағамыздың осы бір ырымға қатысты жазған өлеңі бар. Бала тоқтамаған соң оның атын әртүрлі, елеусіз, жеңіл, ұсқынсыз есімдермен атайтынын айта келіп: «Қазақтың қырда желдеген, қылығы сол бір ұнайды, алданып жүріп пендеден, алдамақ болған құдайды» дейді. Сонымен бірге халқымыз балаға есім бергенде ұлы тұлғалардың есімін көп бермеуге тырысады. Бала ауыр есімді көтере алмайды деп біледі. Көзден, сөзден сақтайды. Бұрын осы ырым қазақ халқына ғана тән екен, бұл да сонау ескі діннен қалған дүние екен, көздену мен тілдену деген болмас деп ойлаушы едім, бүгін байқап отырсақ бұл адамзат мәдениетінің, адамзат дүниетанымының үлкен бір бөлігі екен.
Сонымен, көз тию дегеніміз не?
«Көзі бар» адам дейді. Бұл көз — ауыр көз. Көзі бар адамдар өзі де сақтанып, балаға я басқаға сүйсінбей, тамсанып, таңданып қарамауға тырысады. Ол адам үй маңына жақындай бастағаннан баланы артына тығып, артық-кем сөзден абайлап отыру қай қазақы отбасына да тән нәрсе. Үйге келген қонақ кетер кезінде үйдегі жас балаларға «тфә-тфә, тілім тасқа, көзім тасқа» дегенді үй иесінің ескертуінсіз жасағаны дұрыс. Әйтпесе «балаға түкіріп кетіңіз» деуге үй иесі де сыпайылық сақтап, ыңғайсызданады. Өзге әлем халықтары да осы «Көзі бар» я «Назар керде» адамдарды және көз тиюді өздерінше атайды. Ағылшын халқы сәтсіздік алып келуші адамды немесе затты «Джинкс» деп атап, көзі бар адамды «жын көзді» десе, гректер көз арқылы қарғыс жіберуді «Мати» дейді. Парсылар «Тұзды көз» десе, испандықтар «Зұлым көз», арабтар «қызғаныш көзі» немесе «отты көз», санскритте «Дришти Доша» яғни көзден келетін зұлымдық деп, ал түрік халқы «Кем Көз» деп атайды екен. Неміс халқының сагаларының бірінде кірпігі сирек адам өз көзқарасымен дұшпанын өлтіретіні, оның кірпіктерінен көбелек бейнесінде жын ұшып шығып ажал келтіретіні жайлы қызықты аңыз бар. Эфиопиялықтар белгілі бір қоғамдық иерархияның адамдары (байлар немесе кедейлер, ақсүйектер мен құлдар) ғана көз тигізе алады яғни ол ерекше дуагерлік күш деп білсе, үнді халқы тіпті жануарлардың да көзі тиюі мүмкін дегенге сенеді екен. Осыдан-ақ байқап отырғанымыздай «көз тию» ырымы барлық халықтарда есте жоқ ескі замандарынан бері үзілмей келе жатқан сана. Мұны кейбір зерттеушілер адамдар күнге табынған кезден қалған, бүкіл әлемді көруші көз — күннің және найзағайдың культі деген болжам жасайды. Бұл бірақ шындыққа келе қоймайтын секілді. Неге десеңіз, сенімде ғана емес, өмірде де орын алатын жағдай емес пе? Сондай-ақ жын адамның көзі арқылы кіріп, көзі арқылы қарап отырады деген де түсінік бар. Көз бен сөздің қара дуасы, қара энергиясы жеккөрушіліктен ғана емес, ерекше жақсы көру арқылы да келесі адамға беріліп отырады. Бала жағдайында ең қауіпті көз өз ата-анасының көзі. Ата-ананың балаға деген ерекше махаббаты зұлымдықтан да қауіпті. Баласын еміреніп иіскемей, «өй, жаман неме» деп итеріп тастау арқылы жақсы көретін адамдар қазақы ортада көп кездеседі. Үлкен кісілердің баланы иттің күшігіне балайтыны да содан болар. Көз тиюді әлемдегі ешбір дін жоққа шығармайды. Қайта осыған қарсы оқылатын дұғалар көптеп кездеседі. Ислам дінінде көз тиген адамға оқылатын мынадай дұға бар: «Ә’узу бикәлимәтиттәммәти мин шәрри кулли шәйтанин уә хәммәтин уә мин шәрри кулли аинин ләммәтин». Мұны таңертең және кешке үш мәртеден қайталап оқиды. Уағында Мұхаммед пайғамбарымызды көзімен өлтіру үшін «Көзі бар» адамды жалдаған жағдай болған екен. Қалам сүресінің 51 аяты («Кәпірлер сені көздерімен құртпақшы болды» ) осының куәсі. Демек, көз — адамның қаруы. Адамдар көз арқылы дұшпанын жер жастандырып, дүниеге билік жүргізуге болатынын білген. Хадис шәрифтерде «Адамдардың көбі көз тиюден өледі», «көз адамды мазарға, түйені қазанға түсіреді» деген жолдар бар. Ал орыс халқының қолданатын мынадай дұғасы бар: «Во имя Отца и Сына и Святого Духа. Аминь. Чистая кровь и небесная! Спаси, сохрани раба Божьего (имя), от всякого глаза, от худого часа, от женского, от мужского, от детского, от радостного, от ненавистного, от наговорного, от переговорного».
Көздің адамзат өмірінде, наным-сенімінде соншалықты маңызды болуының өз шындығы бар. Аспанның екі көзі Күн мен Ай деп саналған. Адамдарға мәңгілік қарап тұрушы. Бірі жұмылғанда екіншісі ашылады. Финикиялық аңыздардың бірі Кроностың төрт көзі барын айтады. Оның екеуі жұмылғанда, екеуі ашық тұрады. Бұл — адам бойындағы сергектікті білдіреді. Ал антикалық аңыздағы құбыжық — Горгона Медуза оның көзіне тіке қараған адамды тасқа айналдырып жібереді. Яғни зұлым көзді адамдардың адамды дерттендіруі, өлтіруі секілді. Персей осы Медузаны айнадай жалтыраған қалқанға қарату арқылы өлтіретінін бала күнімізден білеміз. Сол секілді «Көзі бар» адамдарға қарсы қорғаныш қабатын жасау дұғалар және өзіңізді сергек ұстау арқылы жүзеге асады. Ежелгі Мысырдың «Өлілер кітабында» мынадай жолдар бар екен: «Мен көріп тұрмын, демек, өмір сүремін». Яғни адамдар өлгенмен олардың көзі өлмейді. Адам көзге айналады. Ол ағаштың көзі, тастың көзі, жан-жануардың көзі болуы да әбден мүмкін. Мысалы, Қабыл Абылды өлтірген кезде Абыл көрден қарап жатыпты деген сенім бар. Сонда көз өмір сыйлаушы (жарық) және өлтіруші түнек (түн) те болып табылады. Сондықтан да адамдар көзбен емес, мәңгілік ізгілік нұрын таратушы — жүректің көзімен қарауға ұмтылған. Абайдың «Жүректің көзі ашылса…» деуі де осы. Американың ежелгі тұрғындары «жүректің көзі бәрін көруші» дейді. Өйткені ол көз — интеллектуалды интуиция. Ол — үшінші көз. Барлық әулиелер мен пайғамбарларға таңылатын үшінші көз.
Көздің даму эволюциясы өте күрделі кезеңдерді бастан кешіргенін көреміз. Көз тиюдің құпиясын осы арқылы ашуға болатын секілді. Адам адамға жарықпен қарайды. Ал кейде түнекпен… Ол қалай? Адамның көзінде жарықты сезінбейтін, қабылдамайтын «Соқыр таңба» бар. Ол көздің дамуында сол өлі қалпында қалған. Мысалы, өзіңіздің сол «Соқыр таңбаңызды» көру үшін екі ұқсас нәрсені қойып, оң көзіңізді жұмып, сол көзіңізбен оң жақтағы нәрсеге қарасаңыз болғаны. Көз сол жақтағы нәрсені көрсетпей, тек түнекті ғана көрсетеді. Өз уақытында Францияның патшасы Людовик 16 өзінің қол астындағыларды қатар отырғызып қойып, ұнатпағандарына «Соқыр таңба» арқылы қарайды екен. Тіпті ол мұны ермекке айналдырып алған. Бұдан шығатыны, адамдар кейде өздері де байқамай өзге жанға «Соқыр таңбасы» арқылы қарап қояды. «Соқыр таңбамен» қарауды «Көз тигізу» дегеннен қаншалықты алыс қоя алар едік?..
Ерлан ЖҮНІС, «Айқын».