Наурыздың түпкі пәлсапасы әр адамның ішкі жан дүниесінің тазалығы, отбасы, ұлттар және адамзат пен күллі табиғаттың жаңаруына дейінгі салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарды, жөн-жоралғыларды, наным-сенімдерді қамтиды. Ұлыс күнінде өткенге тәубе етіледі, келешекке үміт артылады. Қазақтың ілкі һәм бүгінгі мәдениетінің ажырамас бөлшегі – наурызнаманың нәші болуы үшін наурызтану саласын жүйелі зерттеп, кешенді бағдарламалар, тіпті заңдар қабылдау қажет. Наурыз хақында сөз қозғаған ғалымдардың ойы осыған саяды.
Наурыз – ұлттық идеяның өзегі
Ахмет ТОҚТАБАЙ, тарих ғылымының докторы, этнограф ғалым:
– Сонау «Авестадан» бастау алып, орта ғасырларға дейін наурызтану Шығыс елдерінде бізге дейін қалыптасқан өте үлкен ғылым болған, наурызнама хақында талай трактат, еңбек жазылған. Наурыз деген ұлттық идеяның өзегі, бүкіл салт-дәстүр осы кезде көрініс табады. Сондықтан Наурызды барлық мейрамнан артық көруіміз керек. Өйткені Наурыздың 2500 жылдық жазбаша тарихы бар. Әз Наурыз Шығыс елдерінің отырықшы халықтарының, егінші жұрттардың мейрамы және Еуразия төсін тұлпар тұяғымен дүбірлеткен көшпенді бабаларымыздың ортақ мерекесі болып келді. 1926 жылдан 1988 жылға дейін Наурыз мейрамын тойлауға тыйым салынса да, қазақ халқы әр отбасында жасырын өтіп келді. Отбасынан бастап тойланатын Наурызда тазару, тазалық сақтау – ең басты мәселе. Бұрын ата-бабаларымыз «бұлақ көрсең көзін аш» деп, алдымен маңайындағы арықтарды, қора-қопсысын тазалап, өздері жуынып-шайынып, мұнтаздай киініп, соғымнан қалған сыбағасын асып, түнгі сағат 3-те Қыдыр баба аралайды деп күтіп отыратын. Қыдыр баба ең таза үйге қонады деген сенім бар. Ән-күй шырқалып, қыздар жағы жігіттерге ұйқыашар әзірлеп, осылай үлкен үмітпен қарсы алатын. Ал үлкен қалаларда тойланатын мерекелік шаралар Наурыздың түпкі концепциясына сәйкес келмей жатады. Себебі тойланған алаңдарда әртүрлі қалдықтарды шашып-төгіп кетеміз. Бұл дұрыс емес. Бағзыда Александр Македонский (б.з.д 356-323 жж. өмір сүрген) көрген Самарқандағы ұлан-асыр Наурыз тойын айтуға болады. Грек тарихшылары Самарқан алаңында өткен Наурыз тойында Күнді бейнелейтін 365 түрлі киім киген адам мен Түнді бейнелейтін 365 түрлі киінген адам сырнайлатып-кернейлетіп, бір-біріне қарсы жүрді деп жазады. Бұл көрініс күн мен түннің теңелуі ғой. Осындай Наурызды көрген Александр Македонский Шығыстың, Орталық Азияның ілкідегі мейрамына бас иген. Ол Самарқанның Роксана деген сұлуына үйленген. Осындай мағыналы көріністерді қазіргі Наурыз тойларының сценарийлеріне неге енгізбеске?! Ертеректе ауқатты адамдар наурызнама өткізіп береді екен. Сондай игі дәстүр болған. Ал қазіргі кезде наурызнама өткіздім деген байларды көрмедім.
Парламентте Наурызнама туралы заң әзірленуі қажет
Ақеділ ТОЙШАН, филология ғылымының кандидаты:
– Қазақ ежелден Әз Наурызды әлемнің жаратылуымен, Табиғат-ананың өмірге келуімен тікелей байланыстырады. Қазақтың ғалымдары, этнографтары, фольклортанушылары наурызнаманы зерттеумен айналысып келеді. Мәселен, филология ғылымының докторы, профессор Нұргелді Уәлиев ағамыз күнтізбедегі қайшылықтарды көрсетіп, өз ұсыныстарын ортаға салып жүр. Қазақстан Республикасының Орталық мұражайының директоры Нұрсан Әлімбай ағамыз Наурыздың мәні, амал мейрамы, ай аттарына байланысты сүбелі зерттеулер жүргізді. Наурызтануға қатысты Бабақұмар Қинаятұлы, Ахмет Тоқтабаев сынды этнограф зерттеушілер бұрынғы деректерді байыптап, бір жүйеге түсіріп келеді. Қажытай Ілияс ағамыз ұлттық күнтізбені дұрыстауымыз керек екендігін, наурыз деген амалдың аты екенін талай мәрте айтты. Ұлттық күнтізбе деген қазақтың өмірінің жылнамасы іспетті. Мәселен, Ұлу жылын айдаһар жылы деп шуладық қой. Кезінде Қытайдың патшалары бодан елдерге қытайлық күнтізбесін таңған. Моңғолдар да қытай жылнамасын қолданады. Наурызтану саласын жолға қою үшін мемлекеттік деңгейде кешенді бағдарлама жасауымыз керек. Көптеген мейрамның, мысалы, діни мерекелердің нышандық белгілері, ережелері, қағидаттары канондық дәрежеде қалыптасқан. Сол сияқты Наурыз тойын жалпыұлттық деңгейде атап өткен ләзім. Мысалы, жылдың «ең үздік әні», «ең үздік ақыны», «ең үздік отандық тауары», «Наурыздың нар палуаны» бәйгелерін, қолөнер көрмелерін, айтыстарды ұйымдастырсақ, ұлттың жүрегі бірге соғатын тұтас ағза екені көрінер еді. Наурыздың рәміздерін жаңғырту керек. Ертеректе ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлер, мысалы, Жәнібек батырдың үлкен саптыяқтармен ауыз тию рәсімдері болған. Моңғолияның президенті теледидардан Баян-Өлгейдегі қазақтарды Наурыз мейрамымен құттықтайды. Сондықтан Ұлыстың ұлы күнін бірлік пен достықтың, имандылықтың, тазалықтың мейрамы ретінде өз дәрежесінде өткізу үшін Парламентте наурызнама туралы арнайы заң әзірлеуіміз қажет.
Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ, «Алаш айнасы».