«Кең дала 2» бағдарламасы Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсететін маңызды құралға айналды. Бағдарлама аясында берілетін жеңілдетілген несиелер аграршыларға көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын уақытылы өткізуге, кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға және оларды дамытуға септігін тигізуде.
Бағдарламаға қатысып, оның игілігін көріп отырған шаруашылықтардың бірі – Сандықтау ауданындағы «Максимовское» ЖШС. Шаруашылық 2024 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдігімен 500 млн теңге көлемінде несие алды. Бұл қаражат өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералды тыңайтқыштарды, жанармай мен қосалқы бөлшектерді сатып алу сияқты қажеттіліктерді уақытылы өтеуге мүмкіндік берді.
– «Кең дала 2» бағдарламасының арқасында біз егін жинау науқанын ойдағыдай өткіздік. 2024 жылдың қарашасында несие қарызын мерзімінен бұрын, толықтай өтедік. Бірінші болып қаражатты өтедік және тағы қатысу үшін тиісті құжаттарымызды тапсырған едік. Бүгін сол құжаттарға қол қойып, алдағы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық үшін 800 млн теңге алдық», – деп атап өтті «Максимовское» ЖШС директоры Александр Закусилов.
Сонымен бірге, ол аталмыш бағдарламаның бұрындары екінші деңгейлі банктерден жоғары пайыздық ставкамен несие алып жүрген шаруалар үшін тиімді екенін атап өтті. Оның сөзінше, бағдарлама арқылы осы қиындықтар жойылып, қолайлы жағдай жасалып отыр. Енді өңірдің агроөнеркәсіп кешені жеңілдетілген несиге қол жеткізіп қана қойма, саланың дамуына септігін тигізетіні сөзсіз.
«Кең дала 2» бағдарламасы аясында 2025 жылдың көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына арналған 32 млрд теңге көлемінде несие желісін ашу бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «СПК KOKSHE» АҚ арасында негіздемелік келісім жасалды.
«Бүгінгі таңда «СПК KOKSHE» АҚ-да 26,6 млрд теңге сомасына 69 ауыл шаруашылығы өндірушілерінің пулын құрдық. Оның ішінде 7,5 млрд теңге көлеміндегі 22 өтінім Жарқайың ауданынан келіп түсті», – деп түсіндірді «СПК KOKSHE» АҚ-ның несиелеу департаментінің директоры Дина Ахметжанова.
Еске сала кетейік, «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 2024 жылы Ақмола облысының 35 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 11 млрд теңге көлемінде қаржыландыру алып, өңірде маусымдық дала жұмыстарына тиімді дайындық жүргізілді. «Кең дала 2» бағдарламасы өңірдегі аграршыларды қолдауды жалғастырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуде.