Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы бірқатар нысанды аралап көрді. Бұл туралы бүгін, 6 қаңтарда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі
Мемлекет басшысы, ең алдымен, Kazakhstan International School Astana (KIS Astana) мектебіне барды. 20 мың шаршы метрден астам аумақта орналасқан білім беру мекемесі 800 оқушыға және мектеп жасына дейінгі 120 балаға есептелген. Мектеп халықаралық бакалавриат (IB) аккредитациясынан өткен. Бұл беделді бағдарлама үш бағытты қамтиды. Атап айтқанда, 5-тен 10 жасқа дейінгі балаларға арналған бастауыш (Primary Years Programme, PYP), 11-ден 16 жасқа дейінгі балаларға есептелген орта (Middle Years Programme, MYP) және 16-19 жас аралығындағы ересек оқушыларға бейімдеген дипломдық оқу бағдарламасы (Diploma Programme, IB) бар.
Мемлекет басшысы Қазақстанда білім беру деңгейін арттырудың маңызды екенін атап өтті. Әсіресе, жас буынның бәсекеге қабілетін шыңдауда әрі жан-жақты дамытуда осындай оқу орындары ерекше рөл атқаратынына назар аударды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев QazSwimAcademy спорт орталығының жұмысымен танысты. Орталық директорының айтуынша, бірегей кешенде спортшыларды даярлауға қажетті барлық жағдай жасалған. Ересектер мен балалар ұзындығы әртүрлі бес бассейнде жаттыға алады. Оның бірі 50 метрлік болса, екеуі 25 метрлік және екеуі 10 метрлік жүзу жолақтары бар бассейндер. Топтық жаттығулар 25 бағыт бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар мұнда кәсіби жаттығу залы да бар.
Президент жас спортшылармен әңгімелесіп, мемлекет спорт инфрақұрылымдарын дамытуға ерекше мән беретінін айтты.
– Келешекте табысты болуларыңызға және олимпиада чемпионы атануларыңызға тілектеспін. Спорттың денсаулықты жақсартуда, сондай-ақ халықаралық жарыстарда еліміздің даңқын шығаруда маңызы өте зор. Сіздердің жеңімпаз спортшы әрі еліміздің лайықты азаматы болатындарыңызға сенемін, –деді ол.