31 желтоқсан күні Талдықорған қаласының шетінде орналасқан екі қабатты жеке үйде жарылыс болып, бір отбасының жеті мүшесі күйік пен жарақат алып, қалалық ауруханаларға жеткізілді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Жетісу облысы ТЖД мәліметінше, жарылыс салдарынан үйдің екінші қабаты, қабырғалары мен шатыры құлап, 120 шаршы метр аумақта өрт шыққан.
"Алдын ала болжам бойынша, өрт табиғи газдың ағуынан пайда болған газ-ауа қоспасының жарылуынан болған. Барлық зардап шеккендер түрлі дәрежеде күйік алған", – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Газдың қай жерде ағып кеткені әзірге белгісіз. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 306-бабының 2-бөлігі "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарлар шығару немесе өткізу, жұмыстар орындау не қызметтер көрсету" бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы туралы әзірге ақпарат берген жоқ. Белгілісі – барлық жеті адам бір отбасының мүшелері және әртүрлі медициналық мекемелерге жатқызылған. Олардың үшеуі – кәмелет жасына толмаған балалар.
Оқиға орнында жергілікті газ компаниясының мамандары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмысын жалғастыруда. Тергеу облыстық полиция департаментіне тапсырылған, қажетті сараптамалар жүргізілуде.