Ұлытау облысының Жезқазған қаласындағы жылу желілерін жөндеу үшін резервтен қаржы бөлді. Бұл туралы бүгін, 30 желтоқсанда Үкіметтің баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Қазіргі таңда қаладағы құбырлардың 60 пайызға жуығы тозған. Ресми деректерге сүйенсек, желілердің басты бөліктері 1951 жылы пайдалануға берілген.
«Құжат Қазақстан Үкіметінің резервінен Ұлытау облысының бюджетіне мақсатты трансферттер түрінде аудару үшін 1,5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлуді көздейді. Қаржыландыру «Жезқазған қаласының ТМ11 жылу желілерін реконструкциялау мен жаңғырту» жобасының 2-ші кезегін іске асыруға бағытталады», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Жезқазған қаласында 89 мың адам тұрады. Қалаға жылу электр орталығы жылу береді. Қалалық жылу желілері 398 шақырымға созылып жатыр.