Этнографиялық жады

2746
Adyrna.kz Telegram

Ауылда көктемнің келгені ерекше мереке еді. Ең алғаш күн күркірегенде әжеміз шөмішіндегі суын үйді айналдыра шашып: «Сүт көп, көмір аз» деп күбірлейтіні бар. Біз күлеміз. Біздің күлкімізде әжемнің шаруасы жоқ. Жалпы, ауыл үлкендерінің әрбір қимылында бір ырым, бір салт, бір тиым жататын. Сүтті абайсызда жерге төгіп алсаң, сүттің жердегі қалдығын әкеп маңдайыңа жағатын: «Сүттің төгілген жеріне сенің де маңдайың тисін». О, біздің жадымызда қалған этнографиялық сабақтар тым көп. Кейбірін ұмытқанбыз, кейбірін еске әрең-әрең түсіреміз. Енді бірін әлі күнге өзімізге серік етіп келеміз… Кейінірек ауыл Наурыз тойын тойлайтын болды. Қазақша киім үлгілерінің таңғажайып салтанатын сонда көрдік. Қосетек көйлектің сұлулығын сол уақытта сезіндік. Ақын Есенқұл Жақыпбектің көзі тірісінде айтып берген мына әңгімесі бар еді: «Біз советтік ауылда өстік. 1963 жылдары Қытайдан қазақ бауырлар көшіп келді. Қариялары – күпі, қыздары – бүрмелі көйлек, жігіттері – тері шалбар киген. «Қыз Жібек» фильмін көргендей болдық. Көзіміз тоймай қарай береміз. Бір-екі ай өтпей қариялары ұлттық киімін тастап, советше костюм-шалбар киіп, қыздардың бүрмелі көйлегі шолтиып шыға келді. Ертегімізден айрылып қалғандай, нағыз қазақтың өмірі көз алдымыздан көшіп кеткендей күй кештік».

Наурызда әрбір көше өзіне бөлініп берілген салт-жоралғы­лар­дан кішігірім қойылым көрсететін. Сол кезде біздер де Ер Төс­тіктер мен Күн астындағы Күнекейлердің еліне көшіп келгендей әсерде жүретінбіз. Наурыздан кейін ақшаңқан үйлер мен ал­тыбақандар жиналып, қазақша киінгендер көзден ғайып бол­ған соң, біз де ертегімізден айрылып қалғандай, көңіліміз пә­сейе­тін. Қазақы күллі салт-дәстүр сол Наурызбен келіп, Наурызбен кетіп қалғандай еді.
Біз де балалық шағымызда шама-шарқымызша тиым мен ырым­ды ұстануға тырыстық. Тіпті, ойын ойнап жүргенімізде, сө­зіңе ешкім сенбей бара жатса: «Нан ұрсын!» деп қарғанатынбыз. Иә, нанның, дәмнің, ақтың қадірі мен қасиетін, обалы мен сауабын үлкендер кішкентайымыздан құлағымызға құйып тастаған еді.
«Айға қолыңды шошайтпа», «Күлді баспа», «Сүтті төкпе!» деп ке­те беретін түрлі тиымдардан біз этнографиялық этиканың әліппесін үйренуді бастаған екенбіз ғой. Оны түсініп жүргеніміз бер­тінде емес пе, бұрындары біз ол тиымдарды тиым емес, өмі­ріміздің бір ережесі секілді қабылдайтынбыз.

Осы күні де ауылға барғанда сенің жадыңнан шығып бара жат­қан этнографиялық сабақтарды кішкене балалар есіңе түсір­ген­де, бойыңды жылылық жайлайды. Арғы-бергі қазақты жал­ғас­тырып тұрған этнографиялық сабақтардың жібі үзілмей, салт-дәстүрдің де іргесі сөгілмейтініне сенесің сондайда.

Бала күнімізде Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлағын» тастамай оқыдық. Шағын әрі қызғылықты мысалдарымен баурады ма, әйтеуір сол кітаптың бір сиқыры бар еді. Жылдар айналып сол кітапты қолға қайта ұстағанда қазақы тәрбиенің нағыз үлгісі осы кітапта екеніне көз жеткіздік. Бала күннен жанымызға таныс Асан мен Үсеннің көште қалғандағы іс-әрекеті, «Таза бұ­лақ­тағы» жан тазалығы… Айта берсек, бірнеше мәрте қайталап оқы­ған мысалдарымыз жеткілікті екен-ау. Әрине, «Орынбор вед­омствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрінің очеркі», «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі» сынды этнографиялық очерктерінің мазмұнына ол кезде бойлай алмаған шығармыз. Осы күні аталған очерктерді қайталап оқи отырып, қазіргі дәстүрімізден ажырап та қалған тұстарымыздың бар екеніне көз жеткізгендейміз.
Қазақ Ұлыстың Ұлы күні деп ат берген Наурыз мекесі қар­саңында бабадан сіңген сол салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүріміз жайлы бір толғанып қоюды жөн санадық. Себебі, Наурыз тойы – ол әуелі дәстүрдің тойы. Бір кездері қазақылығымыздан айрыл­дық па деп күйінген елдің есесін тәуелсіздік қайтарып берсе, ұмы­тыла жаздаған дәстүріміздің көбін осы Наурыз мерекесі жан­дандырғаны рас қой. Жаһанданудың жетегіне кетіп жүрген халық осы мерекені тойлау үстінде ата дәстүріне де мойнын бұрды. Наурыздың өзінде орындалатын ғұрып қаншама? Жасы кіші – үлкеннің қолын алар, аталық жастағысы – кейінгіге ақ батасын берер, тіпті, біз күнделікті өмірге енгізе алмай қойған қа­зақы оюмен әспеттелген киімдердің де жарқырап көрінер тұсы осы мезгіл емес пе? Қазақы салт-дәстүр, жөн-жоралғы, ырым-тиым да осы мерекеде кеңінен насихатталады. Оны өсіп келе жатқан кіші ұрпақ өз көзімен көреді, жүрегімен сезінеді. Бір кездері аталарымыз атқарып жүрген қызметтің жүгін Наурыз мерекесі де қоса көтерісіп жүр. Ендеше, осы мерекеде баба жолы туралы да жазғанның жөні бөлек деп түйдік.
Шүкір, түрлі-түрлі бағдарламалардың арқасында қазақтың дәс­түрі, әні, күйі, биі, жыры, әдеби шығармалары, шежіресі, та­рихы, басқа да өнер туындылары қайта түлеуде. Қазақтың салт-дәстүріне жат әдет-ғұрыптар жылдан-жылға қазақтың күнделікті өмірінен ығысып барады. Соның қайсысы жадымызда, қайсысынан алшақтап кеттік деген сауалдың да жауабын біл­мекке ұмтылсақ дедік. Бүгіндері салт-санамыздың өшкені қайсы, өмір сүргені қайсы деген сауалдар төңірегінде әдебиетші, этног­раф, философ ғалымдар былай дейді…

 

Досымбек ҚАТРАН,
этнограф, ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің қызметкері:

«ЫНСАП, ҰЯТ ДЕГЕН ҰСТАНЫМ ӨЗГЕРІП КЕЛЕДІ»

Наурыздың алғашқы таңын жұрт болып қарсы алуды қолға алмай, ескермей келеміз. Бұрындары, әсіресе, жастар жағы, әлгі көп айтыла беретін «Ұйқыашар» тағамын әзірлеп, наурыздың таңын көңілді жүріп қарсы алатын. Үкіметтің 21-ін демалыс еткені жақсы-ақ болды, өйткені, халық 22-сіне дайындалады, үй-қора тазалап, ескі-құсқыны, кетікті тастау сияқты жаңа күнді қарсы алудың қамын жасайды. Екінші мәселе: ауыл арасын өгіздің үстіне темір ыдыс (леген, тегене, т.б.) байлап, таң атпай даңға­замен көтеретіні сияқты, қалада, ауыл-аудан орталығында фестиваль, карнавал, спартакиада өткізу керек.
Жалпы, салт-дәстүр хақында да айтатын мәселе көп. Мысалы, қымызды таңертең үлкендер жиналған соң бастап ішудің ежелгі жосынын ұмыттық: қымыз аяқтарға құйылған соң төрдегі үлкенге үй иесі тостағанын ұстай ұмтыла түсіп, «бұйырыңыз» деп ықылас сұрайтын. Сол кезде үлкен кісі мен үй иесі ыдыстарын түйістірген соң дастархан басындағылардың барлығы «бісміллә» айтып, қымызға бас қойысатын болған екен. Тост түйістірудің шығу төркіні қайда жатқанын байқадыңыз ба? Осы тектес қырғыздың жора бозасы іспеттес «жыр кесе»-нің қымыз ішу кезінде жастар арасында бәсекеге айналғанын ұмыттық. «Ой, ол қырғыздікі» деп қашамыз. Ежелгі ортақ мәдениетті неге біреуге тели саламыз?
Ежелгі сәлем салу – тоңқаң ете қалу емес-ті. Сол тізесін сәл оздыра, екі қолын қойып иілетін. Үйлену салттарында жасалатын «Шарық тастау», «мойынтастар» ырым-жорасы қазірде гүл лақтырумен алмастырылды.
Сарқыт деп салып беретін ырым – ішіп-жемді пакетке салып алумен алмасты. Сол пакетке бүгінгі сарқытты салып жатқан елдің түрін көрсеңіз, ынсап, ұят деген ұстаным мүлдем өзгергенін байқар едіңіз.
Әсіредіншілдер уағыздайтын, төл мәдениетке жасалып жатқан шабуыл өз алдына үлкен дау. Бет ашпа, сәлем салғызба дейді олар. Үлкенді, дәмді, отты (күл, от орнын баспау, т.б.) қадірлеуден барлығы пәле іздейді де тұрады. Тәңірлік наным-сенім керек болса, діннен де жоғары тұратын, өмір сүрудің жүйесі. Табиғат, қоршаған орта, адам және тылсым күш арасындағы тепе-теңдік, үйлесімге құрылған халықтық тәжірибе емес пе? Ұлттық дінімізді, тілімізді, санамызды сақтаудың бір жолы – ата-баба өнегесімен жүру. Өйткені, адам баласы ең әуелі қоршаған ортаға тәуелді өмір сүретін ақылды ғана хайуан болса, неше мыңдаған жылдар бойы дін-аман болып келуінің сыры ата жолын жалғастыруда (қолдан жасалған реформаларды айтпағанда).
Осы күні қазақы қалжың да басқа болып кетті. Бірнешеуін айтар болсам – құрдастар арасындағы, туыстық негіздегі қалжыңдар, атап айтқанда, жезде мен балдыз, жеңге мен қайны, күйеулерге деген ойнақы қатынастар, әсіресе, кәрі күйеу, кәрі жезде деген сияқты еркін қатынастар тіпті жоқ болды деуге болады. Бар болса, күнделікті алыс-берістен туатын деңгейде ғана, ұсақталып кетті. Ол – тауына қарай аңы, заманына қарай заңы да болар. Себебі, үлгі-өнеге алар дәстүрлі орта жоқ болды ғой. Үлкендердің шетін көрген мен қатарлылар, сәл жастаулары да бар ішінде, әрине, осылар аз-мұз біледі. Олардың себебі, қалаға көп шоғырлану, отырықшылықтың жалпыласуы, содан кейінгі кезекте сананы жаулап алған ресейлік, шетелдік БАҚ-ның ықпалы. Қазіргі жастардың әзіл-қалжыңын біздің (буынды айтам) түсінбейтініміз сол. Әзіл, қалжың, қағытпа деп айтпайды жастар. Олардың тілі – «прикол».
Әдет 50-60 жыл бойы тұтыныста болса, салтқа айналады, ол салтты бір ғасыр немесе 4-5 ұрпақ пайдаланса, дәстүрге айналады.
Салтқа айналдырмаған әрекетіміздің бірі деп – дастарханға арақ қою мінезімізді айтуға болады. Арақтың орнына қазір дастарханға қымыз, шұбат тартылуда. Бұл – қуантарлық жайт.
Салт-дәстүрдің жадымыздағысы бар, жадымыздан өшіп келе жатқаны бар, ҚР Мемлекеттік Орталық музейі осы тұрмысымыздың кем-кетігін жамау үшін Этнографиялық энциклопедия шығаруда. Сол кітапты ашып оқысаңыз, бүгінде жадымыздан өше бастаған сансыз дәстүріміз бен салтымызды ойыңызда қайта тірілтесіз.

 

Бақытжан САТЕРШИНОВ,
философия ғылымдарының докторы:

«ДӘСТҮР САНАМЫЗҒА СІҢІП КЕТКЕН»

Кезінде тек еуразиялық аймақтың дамуына ғана емес, әлемдік дамуға да өзіндік ықпалын тигізген Қазақстан мен Орталық Азиядағы үш мыңжылдық көшпелі мәдениет еуроорталықтық көзқарастағы әдебиеттерде алғашқы қауымдық, жабайылық ретінде қарастырылып, ұлттық тарихтағы өркениеттік, мемлекеттік дәстүр жоққа шығарылды. Қоғамдық және мәдени дамудың батыстық үлгіден түбірлі айырмашылықтары ескерілмеді. Қазақстанның Ресейге кіруінің себеп-салдары асыра дәріптелді, оның отаршылдық саясатының астарлары бүркемеленді.
Қазіргі уақытта әлеуметтік жадының үш деңгейінде де – жаhандық деңгейінде, ұлттық деңгейде және жеке тұлғалық дәрежеде түбірлі өзгерістер болып жатыр: адамдық индивидуалдық деңгейде антропологиялық төңкеріс орын алды, әлеуметтік немесе этностық деңгейде ұлттық сана-сезімнің бұрын-соңды болмаған дүмпуі байқалды, ал жалпыадамзаттық деңгейде ақпараттық жаhандану үдерісін бастан кешіп отырмыз.
Қазақы дәстүр санаға сіңіп кеткен деп айтуға болады. Және бізде дәстүр мен дін сонау ғасырлардан бері қатар ұстанып келе жатқандықтан, екеуі жымдасып кеткен. Ұлттық рухани құндылықтар да осыған байланысты құрылған.
Иә, қазір бірқатар дәстүріміз өзгеріске ұшырағанын мойындамасқа болмайды. Мәселен, «қонақжайлымыз», «тойқұмар халықпыз», «той дегенде қу бас домалайды» дейміз. Қазір белгілі бір тойларды өткізу дәстүрі шегінен шығып, ысырапшылдыққа ұрындыруда. Бұрындары ысырапқа, төгіп-шашуға жол бермейтін, обал-сауап деген ұғымға берік халық едік. Қазір тіпті, тойдың формасы да өзгеріп барады. Тойлардан баққұмарлық, мансапқұмарлық, рияны байқаймыз. Тойдағы әртүрлі анайы мінездердің көрініс беруі де шошытады.
Екіншіден, еліктеуге құмар болып алдық. Біз мынаны ұмытпауымыз керек: қайсыбір елдің рухани құндылықтарын өзімізге жапсырсақ, ұлттық бітім-болмысымыздан айрыламыз. Жөн-жосықсыз еліктеу бізді жетілдірмейді. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін өзіндік бітім-болмысың, өз ерекшелігің болуы және ең бастысы, өткенге құрметің болуы керек.
Үшінші, біздің қоғам діни тұрғыдан әртекті болғанымен, халықтың көп бөлігі Ислам дінін ұстанады. Олардың көпшілігі зекет беру, бес уақыт намаз оқу, ораза тұту тәрізді исламның парыздарын ұстанбауы мүмкін. Бірақ мұсылмандықтың сыртқы белгілерін білдіретін формалды жоралғыларды ұстайды. Басқа мұсылман халықтармен қатар, өзін әлімсақтан бері мұсылман санайтын қазақты алсақ, нәресте дүниеге келгенде құлағына азан шақырып ат қояды, бес, жеті жасқа толғанда сүннетке отырғызып, мұсылман болдың деп құттықтайды. Ақырында, қайтыс болғанда жаназасын шығарып, мұсылмандық жөн-жоралғымен аттандырып салады. Біздің еліміздің дәстүрінде мұсылмандықтың да жөн-жоралғылары бар. Және ұлттық дәстүрлік таным бар.
Әрине, дәстүр тұрмыста да қолданылуы керек. Әдебиет пен өнерде, кинода ұлттық дәстүр, қазақы иіс аңқып тұруы керек. Экспонат есебінде емес. Мейлі, әдебиетте болсын, кинода болсын, философия саласында болсын, ұлттық дәстүр сақталуы керек.
Әлеуметтік-мәдени еспен сипатталатын тарихи жады немесе тарихи сана неғұрлым терең болған сайын адам да, тұтастай алғанда қоғам да рухани бай болады.
Қазақстанның қазіргі жағдайында ұлттық бірегейлік пен мәдени тұтастықты қалыптастыру ең көкейтесті мәселенің бірі болып отыр. Барлық ізгі рухани белсенділіктер басылып қалатын жағдайдан шығып, шынайы еркіндікке қол жеткізу қазіргі жаhандастырудың қатаң бәсекелестігі жағдайында саяси, әлеуметтік-экономикалық дербестікпен қатар, рухани тәуелсіздікке ие болуды да қажет етеді. Бұл үшін замана ағымына лайықты сырттан келетін соңғы, бірақ барлық руханилықтан жұрдай жалаң технологияларды енгізу жеткіліксіз, мәңгүрттік және маргиналдық жағдайдан арылу үшін ұлт тәрізді күрделі жүйенің қалыпты өмірін қамтамасыз ететін төлтума тарих пен мәдениеттің өзегін құрайтын ұлттық дүниетанымды, рухани қайнарларды қайта қалпына келтіру арқылы қоғамның өзіндік тарихи санасын қалыптастыру керек.

 

Мұратбек ИМАНҒАЗИНОВ
филология ғылымдарының докторы, 
профессор:

«ҚАЗАҚ ДӘСТҮРІ – АУЫЗ ЖӘНЕ ЖАЗБА ӘДЕБИЕТІМІЗДЕ САҚТАЛҒАН»

Қазақ халқы салт-дәстүрге өте бай деп жатамыз ғой. Сол байлығымыздың қомақты бөлігі байырғы және бүгінгі ауызша, жазбаша әдебиеттерде көрініс тапқан. Қазақ этнографиясы, салт-санасы туралы әдеби дерек іздесеңіз, оны табу оңай. Алайда, сол оңай табылған нәрсе оқырманның жүрегінен оңай құлап түсіп жатқандай көрінетін мінезіміз байқалса, оның себебін өзімізден іздеу керек шығар.
Сонау сақ-ғұн, түркі дәуірлерінен сақталған дәстүрлеріміздің сарқыншағы әлі күнге еліміздің түкпір-түкпірін аралағанда алдыңнан шыға келеді.
Бала дүниеге келгеннен бастап оның өсуі, жетілуі, ер жетуі, үйленуі, перзент сүюі, көз жұмуы – тұтастай алғанда қазақы дәстүрдің негізінде жүріп келеді. Әрине, уақыт өте келе кейбір салт-санамыз сәл-пәл өзгеріп, енді бірі мүлдем жадымыздан өшіп бара жатқанын мойындамасқа болмайды. Жаһанданған әлемде біз өз дәстүрімізбен ғана өмір сүре алмаймыз ғой. Алайда, бұл дәстүрден жеруіміз керек дегенді білдірмесе керек. Сондықтан бізге де әлемдік өзгерістерге көндігуге тура келеді. Бүгінгі капитализация, информатика заманында баба дәстүрі бізге үлкен көмекші болар еді.
Осы күні Еуропаң өткеніне үңіліп, ата салтын қайта жаңғырту үрдісіне кірісіп кетті. Ұлттық жадысын жаңғыртып, ұлттық тамырын нығайту үшін дәстүрден ажырамау керегін бек түсінді. Біз ше? Қазақ халқы өзінің ұрпақ сабақтастығы арқылы ғана күллі әлемге қазақ екенін таныта алатынын ұғына алып жүр ме? Ұқса, бүгінгі әдебиетте сол көріністер халыққа «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» дегізетіндей көрініс берді ме? Әлде, әлемдік ағымдардың жетегінде, әлемнің дәстүр салтын насихаттап кеттік пе?
Мәселен, Шығыс елдеріндегі ұлттық мінездің жақсаруы екі әлеуметтік-рухани негізге сүйенді. Олар азаматтарын жаңа технологияларға үйретті. Сөйте отырып, ұлттық келбетін сақтауға тырысты. Ұлттық тіліне, әдебиетіне, діліне немқұрайды қарайтын жапон ия кәріс жоқ. Ал бізде аралық деңгейде қалып қойған әртүрлі қабаттар көп. Қазақтың тұтастығы жетіспей жатыр. Осы қасиеттердің жоқтығын айтудың орнына жиналыстар жасап, мақтаймыз, мақтанамыз келіп.
Техникалық жаңалықтарымыздың жетістігімен Американы, Жапонияны не Германияны қуып жетеміз деп тыраштанудың қажеті жоқ. Рухани құндылықтарын жоғалтып алмаған, тарихы мен дәстүрінен қол үзбеген ел атансақ, өзге жаңа технологиялардың барлығын оп-оңай үйренуге болады. Себебі, біздің халық жаңалыққа өте бейім.
Иә, қазақ дәстүріне қатысты монографиялар, зерттеу еңбектері, энциклопедиялар баршылық. Сол кітаптарды кім, қалай оқып жүр? Бұл да жауабы жұмбақ мәселе.
Қазақтың дәстүрі бай фольклорлық мұраларымызда жатыр. Батырлық, ғашықтық дастандарымызда қазақы ырым-тиым, салт-сана, дәстүріңіз тұнып тұр. Жыраулық дәстүрiмiзде сал-серiлiк, әншiлiк өнерiмiзде де дәстүрдің жалғасы бар. Демек, бізде дәстүрді, өткенді құрметтеумен бірге, одан айрылып қалып жатқан мінезіміз де бар екен.


Жаңару жыры

Наурызым, міне, келді жайраңдаған,
Ынтымақ пен достық бір сайраңдаған.
Мол дастархан, ақ ниет, ырыс толған
Көктемнің бұл күніне қайран қалам.
Көрдім мен күн мен түннің теңелгенін,
Жан дүние шуақ күнге бөленгенін.
Қуаныш пен береке қатар келіп,
Жыл басы шаттық керней жөнелгенін
Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!
Мал төлдеп, қуаныштар жұпты болсын!
Жылқы, сиыр, қой-ешкі өсіп-өніп
Мал атаулы әрдайым сүтті болсын!
Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де,
Мекен-жай, құлпырып жер көктегенде.
Алыс-жақын құшақтар қауышты ғой,
Өкпе-наз қайтсін бүгін кетпегенде.
Суық жел де басылар бұл күндері,
Бұлақ көзі ашылар бұл күндері,
Тал егіліп, көркейіп айналамыз,
Еңбек нұры шашылар бұл күндері.
Той-думан да табылар бұл күндері,
Махаббат сыр жазылар бұл күндері.
Ақсақалдар беріп мол баталарын,
Үміт оты жағылар бұл күндері.
Айналдым қайта оралған дәстүрімнен,
Құлаққа қанық болған жас күнімнен
Бірлікті, жаңаруды мұрат еткен
Бастайын «Наурыз тойын» дәл бүгіннен.


Серікбек СТАНБЕКОВ.

 

Пікірлер