Ресей үкіметі интернет арқылы мобильді және стационарлық телефондарға қоңырау шалуға тыйым салды. Бұл шешім ресми түрде телефон алаяқтарына қарсы күрес мақсатында қабылданған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ВВС-ге сілтеп.
Алайда, бұл шектеу Ресейде 2023 жылдың желтоқсанында басталған банкоматтарды, полиция көліктерін және басқа да нысандарды өртеу толқыны аясында енгізіліп отыр. Тұтқындалғандар қылмыс жасауға алаяқтардың мәжбүрлегенін айтқан.
28 желтоқсанда жарияланған қаулыға сәйкес, байланыс қызметтерін көрсету лицензиялары тізімінен «дауыс ақпаратын беру функциясы бар интернет деректерін тарату лицензиясы» алынып тасталады. Үкіметтің мәлімдеуінше, бұл технология нөмірлерді ауыстыруға мүмкіндік беріп, телефон алаяқтары тарапынан жиі қолданылған.
«Бұл шара телефон алаяқтық әрекеттерін айтарлықтай шектейді», — деп мәлімдеді үкімет өкілдері.
Шектеу мессенджерлер арасындағы қоңырауларға әсер етпейді. Үкіметтің хабарлауынша, шешім қарапайым пайдаланушыларға қиындық туғызбайды.
«Мессенджерлер арқылы байланыс орнататын адамдар бұл қызметті интернет желісі арқылы тікелей қолдана береді, мобильді немесе стационарлық байланыс желісіне шығу қажет емес», — делінген үкімет хабарламасында.
Қазіргі уақытта Zoom немесе Skype сияқты қызметтер арқылы интернеттен мобильді және стационарлық телефондарға қоңырау шалуға болады. Бұл қызметтерді Ресейден эмиграциялағандар мен цензураға байланысты шетелде жұмыс істеп жүрген журналистер де пайдаланып келген.
Үкімет қаулысы 2025 жылдың 1 қыркүйегінде күшіне енеді.