10 желтоқсан күні Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Alatau Creative Hub инновациялық мәдени орталығында «Адам саудасы құрбандарына көмек көрсетудегі өзекті мәселелер» атты жобаның қорытынды дөңгелек үстелі өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдар, құқық қорғау ұйымдары, полиция департаменті, медицина қызметкерлері, психологтар мен педагогтар қатысты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты — адам саудасына қарсы күрес жолында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылап, заңнамалық және практикалық тұрғыда туындап отырған мәселелерді анықтау, сондай-ақ адам саудасының құрбандарына тиімді көмек көрсету жолдарын қарастыру болды.
Жиынды Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы Азаматтық басқармаарды қолдау бөлімінің бас маманы Бауыржан Амантайұлы ашып, “Адам саудасы құрбандарына көмек көрсетудегі өзекті мәселелер” атты жоба аясында жұмыс істеген мамандарға алғысын білдірді.
Іс-шара барысында бірнеше негізгі мәселелер көтерілді.
Алдымен, Алматы қаласы департаментінің полициясы Жадыра Қаңтарбаева құқық қорғау органдарының үйлесімділігі мен үйлестіру мәселелері туралы айтты. Оның айтуынша, құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара әрекеттестік көбінесе жетіспеушілікке ұшырауда. Бұл құрбандарға уақытында көмек көрсетуге кедергі келтіреді.
”Біз бұл жоба аясында әкімшілікпен және бірнеше мамандармен бірігіп жұмыс істей отыра, адам саудсы құрбандарын анықтадық. Сауна, монша сынды жерлерді тексере келе, кейбір мәжбүрлі түрде қызмет етушілердің бар екенін білдік. Бұл іс бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, адам саудасы мәселесіне бей-жай қарамауды сұраймын. Барлығымыз бірігіп жүмыс істеуіміз қажет”, деді Жадыра Қаңтарбаева.
Сонымен қатар, шара барысында адам саудасы құрбандарына психлогиялық көмектің қажеттілігі туралы айтылды. № 29 қалалық емхана психологы Зохида Торокановнаның айтуынша, адам саудасы құрбандары көбінесе жарақаттар мен психологиялық проблемаларға тап болады, оларға кәсіби психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің қолдауы қажет.
”Біз осы жоба аясында адам саудасы құрбандарымен байланысып, жұмыс істедік. Бұрын мұндай мәселеге тап болатын адамдар аз көрінетін. Дегенмен елімізде адам саудасының құрбандары көп екен. Оларға алдымен, психологиялық көмек көрсетуіміз қажет. Біз жоба аясында халыққа ақпараттандыру жүргіздік. Адам саудасына куә болған жағдайда немесе құрбаны болғанда не істеу керек, қайда жүгіну керегін айттық. Бұл мәселе жай қарауды қажет етпейді”, деді психолог маман.
Жоба аясында атқарылған ең маңызды істердің бірі - адам саудасы туралы білім мен ақпаратты халық арасында кеңінен тарату. Себебі бұл қылмыс көбінесе жасырын түрде жүреді және қоғамның хабардарлығы мәселесі өзекті болып отыр.
Сондай-ақ, Алматы қаласы Алатау аудандық медициналық бірлестігінің басшысы Ақмира Махамбетқалиқызы адам саудасы құрбандарына психологиялық көмекпен қатар, медициналық көмектің аса қажет екенін айтты. Оның айтуынша, адам саудасының құрбандары көп жағдайа жабылып, медициналық көмекке жүгінбей қалады. Сондықтан осындай жобаның жүргізілуі маңызды.
Іс-шара соңында қатысушылар бірігіп, адам саудасының құрбандарына көмек көрсетудің жаңа тәсілдері мен тиімді әдістерін анықтау үшін ұсыныстар әзірлеуді ұсынды. Келешекте осындай дөңгелек үстелдерді жиі өткізіп, қоғам мен құқық қорғау органдарының күш біріктіруі маңызды екендігі атап өтілді.