Жоспар орындалды, қаржы игерілді: Ақмола облысының білім басқармасы жұмысын қорытындылады

200
Adyrna.kz Telegram

Ақмола облысында білім беру саласында жыл сайын жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жоспар бойынша бөлінген қаржы тиімді игеріледі. Биыл облыста білім беру саласындағы стратегиялық құжаттардың негізгі индикаторлары мен көрсеткіштеріне қол жеткізіліп, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттер жүзеге асырылуда. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Басқарма басшысының айтуынша, мектепке дейінгі білім беру саласында 2024 жылы 1,5 мыңнан астам жаңа орын құру міндеті қойылған болатын. Бүгінгі таңда 1964 орын құрылды, бұл жоспарланғаннан 121%-ға көп, яғни 341 орынға артық орындалды. 2025 жылы қосымша 840 орындық 3 балабақша құрылысы аяқталады деп күтілуде. Облыс бойынша 597 мектепке дейінгі білім беру ұйымында мемлекеттік білім беру тапсырысы жүзеге асырылып, ата-аналарға орташа төлем 17805 теңге көлемінде болды. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл соманы 19052,4 теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда, бұл мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтануды жақсартуға мүмкіндік береді.

«Орта білім саласында 139 мыңнан астам оқушы білім алатын 534 мектеп жұмыс істейді, ал мектеп контингенті өткен оқу жылымен салыстырғанда 1,5 мың оқушыға артқан. Облыстағы 528 мемлекеттік жалпы білім беретін мектептің 435-і ауылдық жерлерде орналасқан, оның 342-сі шағын жинақталған мектептер», - деді Айнагүл Балташева.

Биыл Оқу-ағарту министрлігі 126 мақсатты мектепті анықтап, олардың педагогтарының біліктілігін арттыру және заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жобалар іске асырылуда. Бұл жобалар аясында 400-ден астам педагог оқытылды, ал 2025 жылы қосымша курстар өткізу жоспарланған.

«Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 8142 бала және 56154 бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 10 мыңнан астам балабақша тәрбиеленушілерін тегін тамақтандыру үшін облыстық бюджеттен 1,8 миллиард теңге бөлінген. Ақмола облысында мектептердегі тамақтану бағасы 2025 жылдың басынан бастап артады. Жоспар бойынша, тамақтану құны бір оқушыға 715 теңгеден 808 теңгеге дейін көтерілмек. Бұл өзгеріс балалардың тамақтану сапасын жақсартуға бағытталған», - деп толықтырды спикер.

Биыл 10035 оқушы тасымалдаумен қамтамасыз етілген, ал 20 мектеп автобусы сатып алынды. 2025 жылы автобус паркі тағы 9 бірлікке толықтырылады.
Елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 12 200 орындық 9 білім беру нысаны салынуы жоспарланған болатын, оның 6-ы қазірдің өзінде іске қосылды. Қалған 3 мектеп жақын арада пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен 1200 орындық мектеп ашылды.
Көкшетау қаласында 2 балабақша мен жоғары техникалық колледж үшін 300 орындық жатақхана құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін Көкшетау қаласында тағы бір 300 орындық жатақхана іске қосылады.

Оқыту үшін қолайлы ортаны қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы облыс бойынша 113 білім беру нысанында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсаттарға облыстық және республикалық бюджеттен 12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Сонымен қатар, үш жылдық жоспар аясында 90 мектеп жаңартылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 12 мыңға жуық бала бар, олардың 1817-сі мүгедек балалар. 2024 жылы 28 инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, қазіргі таңда облыста 84 кабинет жұмыс істейді. Сонымен қатар, психологиялық қолдау орталығы құрылып, тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны іске қосылды.

«Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде облыста 29 колледж жұмыс істейді, оның 83%-ы тегін оқумен қамтылған. 2025 жылы 5700 талапкерді қабылдау жоспарланып, оның 600-і нысаналы даярлық шеңберінде қабылданады»,- деп түйіндеді Айнагүл Балташева.

Жыл сайын облыста 23 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырады. Биыл 5 мыңнан астам педагог біліктілік арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар, қараша айында Көкшетау қаласында алғаш рет педагогтар саммиті ұйымдастырылды. Семинарда әлеуметтік-эмоционалды оқыту, инклюзивті білім беру және білім беру технологиялары саласында халықаралық сарапшылардың тренингтері өткізілді.

Ақмола облысының білім беру жүйесі заманауи талаптарға сай дамып, оқу үдерісіне инновациялық технологиялар енгізіле отырып, барлық білім беру деңгейлерінде жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатында белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Пікірлер